ӘлеуметБасты ақпарат

Әкенің рөлі – oтбасының тірегі болу

Биыл елімізде «Әкелер күні» үшінші мәрте аталып өтпек. Бұл мереке биыл 21 маусымға сәйкес келіп тұр. Осыған орай біз Республикалық «Әкелер одағы» қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары, Астана қалалық филиалының төрағасы Бекдайыр Күзембаймен сұхбаттастық. Сұхбат барысында ол әкелер институтының қоғамдағы рөлі мен отбасы құндылықтарын нығайту бағытындағы жұмыстар туралы пікір білдірді.

– Бекдайыр Нығметұлы, Астана қаласында «Әкелер одағы» филиалы қай жылы ашылды және бұл ұйымның мақсаты қандай?

– Республикалық «Әкелер одағы» қоғамдық бірлестігі алғаш рет 2011 жылы бастама ретінде құрылып, 2012 жылы Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде ресми тіркеуден өтті. Содан бері ұйым заңды түрде қызметін жалғастырып келеді. Оның Астана қалалық филиалы 2023 жылы ашылды. Бұл бастама «Халықаралық әкелер күніне» байланысты көтерілген. Маусым айының үшінші жексенбісінде атап өтілетін мереке қарсаңында елордада «Әкелер одағының» филиалы жоқ екені айтылып, мәселе күн тәртібіне шыққан. Сол кезде Астана қаласының әкімі республикалық ұйым басшылығына елордада міндетті түрде филиал болуы қажет екенін жеткізген. Осы ұсыныстың негізінде 2023 жылы Астана қалалық филиалы құрылып, өз жұмысын бастады. Ұйымның негізгі мақсаты – әкелердің қоғамдағы рөлін арттыру. Сонымен қатар жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу, ата-ананы құрметтеуге баулу, қоршаған ортаға жанашырлықпен қарау және табиғатты аялау сияқты құндылықтарды насихаттау да – ұйым қызметінің маңызды бағыттарының бірі. Мен қалалық филиалға сол 2023 жылдан бері жетекшілік етіп келемін.

– Елімізде «Әкелер күні­нің» аталып өту себебі неде деп ойлайсыз?

– «Әкелер күні» Қазақстанда Үкімет қаулысымен 2023 жылы бекітілген болатын. Биыл бұл мереке елімізде үшінші рет аталып өтеді. Жалпы, елімізде «Әкелер күнін» атап өтудің басты мақсаты – балалардың ата-анасына деген құрметін арттыру, әкенің және ананың отбасындағы рөлін дәріптеу, отбасы құндылықтарын нығайту. Өйткені отбасы – қоғамның ең маңызды институттарының бірі. Сондай-ақ биыл «Әкелер күні» қарсаңында, яғни, 17 маусым күні Астанада қалалық «Әкелер форумын» өткізуді жоспарлап отырмыз. Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен өтетін форумға 300 әке қатысады деп жоспарланған. Оған қоғам және мемлекет қайраткерлері, түрлі қоғамдық ұйымдардың белсенді өкілдері, сондай-ақ Астана қаласындағы мектептер мен колледждердің әкелер кеңесінің төрағалары қатысады. Іс-шара TEDx форматында өтіп, үш негізгі тақырыпқа арналады. Олар – «Заң мен тәртіп» қағидаты, «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы және цифрлық дәуірдегі, оның ішінде жасанды интеллект жағдайындағы заманауи әкенің рөлі. Форум аясында қатысушылар еркін пікір алмасып, қоғамдағы өзекті мәселелер мен бала қауіпсіздігіне қатысты маңызды тақырыптарды талқылайды. Форумның басты мақсаты – заманауи қоғамдағы әкенің рөлін айқындап, бала қауіпсіздігі мен тәрбиесіне қатысты өзекті мәселелерді бірге талқылау және ортақ шешімдер ұсыну.

– «Әкелер одағында» қазір қандай жұмыстар жүріп жатыр, жұмыстың нәтижелері бар ма?

– «Әкелер одағының» жұмысы барысында бір маңызды нәрсені түсіндік: ең алдымен баланы емес, ата-ананың өзін тәрбиелеу керек екен. Себебі бала – ата-ананың айнасы. Біз алғашында күш-жігерімізді негізінен, бала тәрбиесіне бағыттаған едік. Алайда оның нәтиже бермегенін байқадық. Зерттей келе, отбасы ішіндегі кикілжіңдер мен ата-аналардың қарым-қатынасы баланың тәрбие­сіне тікелей әсер ететінін түсіндік. Халқымыздың «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген нақылы осыны дәлелдейді. Сондықтан біз бала тәрбиесін отбасы тәрбиесінен бөліп қарау­ға болмайды деген ұстанымға келдік. Осы себепті соңғы жылдары ата-аналармен жұмысты күшейттік. Қазіргі таңда көптеген ата-ана заманауи қоғамдағы өзгерістерге байланысты бала тәрбиесінде қандай әдіс қолдану керектігін білмей жатады. Бір жағынан, ата-аналар дәстүрлі тәрбиенің бұрынғы тәсілдері толық нәтиже бермейді, екінші жағынан, заманауи әдістердің мәнін терең түсіне бермейді. Сондықтан біз ата-аналарға бағыт-бағдар беруге басымдық беріп отырмыз.

Үш жыл ішінде бұл бағыттағы жұмыстардың оң нәтижесін көріп келеміз. Қазіргі таңда «Әкелер одағы» құрамында әртүрлі саланың мамандары бар. Олардың қатарында психологтар, әскери қызметкерлер, кәсіпкерлер, қаржы саласының сарапшылары, мемлекеттік қызметкерлер және басқа да тәжірибелі азаматтар бар. Біз оларды ата-аналар жиналыстарына спикер ретінде шақырып, өз тәжірибелерімен бөлісуге мүмкіндік береміз. Бұл ата-аналардың бала тәрбиесіндегі рөлін тереңірек түсінуіне ықпал етеді.

Сонымен бірге, қазіргі таңда ұйымның еліміздің барлық өңірлерінде филиалдары жұмыс істейді. Негізгі мақсат – бала тәрбиесіне үлес қосу. Баланы еңбекқорлыққа, отансүйгіштікке баулу арқылы өз елін сүйетін, ана тілін құрметтейтін ұрпақ қалыптастыру көзделеді. Бізде ең басты құндылықтар – ана тілі, салт-дәстүр және ұлттық мәдениет. Осы үш ұғым бір арнада тоғысқанда ғана ұлттық болмысы қалыптасқан, рухы биік ұрпақ тәрбиелеуге болады. Сондықтан да негізгі міндет – балалардың білім, ғылым және тәрбие бағыттарын қатар меңгеруіне жағдай жасау. Бұл бағыттағы жұмыстар – Астана қалалық «Әкелер одағы» филиа­лының да басты басымдықтарының бірі. Одан бөлек бүгінде елімізде «Аналар кеңесі» мен «Әкелер одағы» бірлесе жұмыс істеп, ата-аналар институтын нығайтуға үлес қосып келеді.

– Бала тәрбиесінде әкенің орны қаншалықты маңызды?

– Қазақ халқында әке мен ананың, бала мен отбасының орнын айқындайтын терең мағыналы қанатты сөз бар: «Әке – асқар тау, ана – мөлдір бұлақ, бала – жағасындағы құрақ». Бұл ұғым отбасындағы әрбір мүшенің орнын айқын көрсетеді. Әке – әрдайым биік, берік тірек, отбасының қорғаны болса, ана – сол биік таудың жанындағы мөлдір бұлақтай мейірім мен тазалықтың символы. Осындай үйлесім болған жағдайда ғана ұрпақ тамыры тереңге жайылып, жапырағы жайқалған бәйтерек секілді өсіп-өркендейді. Жақында ғана елімізде «Аналар күні» кең көлемде аталып өтті. Енді елімізде «Әкелер күні» де жоғары деңгейде тойланбақ. Осы орайда әрбір ата-ананың берген батасы мен көрсеткен өнегелі жолы ұрпақ тәрбиесінің берік негізі боларына сенім мол. Сол тәрбиенің нәтижесінде ел болашағын алға сүйрейтін саналы, тәрбиелі ұрпақ өсіп шығуы – ортақ мақсат.

– Әкелер қауымына қандай тілек айтар едіңіз?

– Қазіргі таңда қазақстандық әкелердің алдында тұрған өзекті мәселелер аз емес. Мемлекет басшысының Жолдауында атап өтілген бес кеселдің ішінде қоғамды алаңдататыны – тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі. Бұл құбылыс ұлттық болмысымызға жат. Қазақ халқының тарихына көз жүгіртсек, ата-бабамыз ел мен жер үшін еңбек етіп, ұрпағына кең байтақ даланы мұраға қалдырды. Сол аманатты сақтау – бүгінгі ұрпақтың қасиетті міндеті. Осы тұрғыда әкелерге айтар басты өтініш – бойдағы күш пен қуатты отбасыға қарсы емес, керісінше елдің дамуына, ұрпақ тәрбие­сіне бағыттау. Қазақ қоғамында әйелге құрмет көрсету, отбасы ішіндегі сыйластық пен ізет әрдайым жоғары болған. Бұл – біздің мәдениетіміздің, салт-дәстүріміздің ажырамас бөлігі. Қазіргі таңда құқық қорғау органдарымен бірлесіп өткізілетін профилактикалық жұмыстар барысында тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болған азаматтарды көріп, жанын ашиды. Бұл жағдай әрбір әкені ойландыруы тиіс.

Сонымен бірге, бүгінгі қоғамда ең үлкен қауіптің бірі – ақпараттық кеңістіктегі теріс ықпал. Әлеуметтік желілер мен түрлі цифрлық платформалар арқылы таралатын жағымсыз ақпарат та жас ұрпаққа әсер етуде. Сондықтан ата-ана ретінде балаларды дұрыс бағытқа тәрбие­леу, өзіміз де пайдалы білім мен еңбекті таңдауға ұмтылу маңызды. Әрбір әке – отбасының тірегі, елдің қорғаны. Сол себепті Президент тапсыр­маларын қолдап, қоғамдағы тұрақтылық пен бейбіт өмірді нығайтуға үлес қосу – ортақ міндет. Парасатты әке болу – бүгінгі күннің басты талабы.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Айта кетейік, Бекдайыр Нығметұлы Күзембай – сондай-ақ Әйелдер істері және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі, Астана қаласы әкімдігі жанындағы жасөспірімдердің құқықтарын қорғау комиссиясының мүшесі, «Бала толағай» федерациясының президенті, ІІМ қоғамдық кеңесін құру жөніндегі жұмыс тобының комиссия төрағасы және Астана қаласы әкімдігі Қоғамдық кеңесінің мүшесі.

Қазіргі таңда ұйым­ның еліміздің барлық өңірлерінде филиалдары жұмыс істейді. Негізгі мақсат – бала тәрбиесіне үлес қосу. Баланы еңбекқорлыққа, отансүйгіштікке баулу арқылы өз елін сүйетін, ана тілін құрметтейтін ұрпақ қалыптастыру көзделеді. Бізде ең басты құндылықтар – ана тілі, салт-дәстүр және ұлттық мәдениет

Сұхбаттасқан

Думан АМАНЖОЛ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button