Басқарма жұмысы қаралды

Астана қаласы мәслихатының отырысында қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының осы жылдың бірінші тоқсанындағы жұмысы қаралды.
Басқарма басшысы Ерлан Жүсіпов баяндама жасап, халықты жұмыспен қамту, азаматтарды әлеуметтік қорғау және әлеуметтік қолдаудың мемлекеттік бағдарламаларын іске асыру саласында жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы ақпарат берді. Оның айтуынша, елордада көрсетілетін қызметті алушылар санының 20%-ға өсімі байқалады, бұл әлеуметтік салаға бюджет шығындарының ұлғаюына әкеп соғады. Басқарма 22 мемлекеттік қызмет көрсетеді, бұл ретте, олардың барлығы уақытылы және белгіленген мерзімдерді бұзбай, негізінен, электрондық форматта ұсынылады.
Отырыс барысында депутаттар азаматтарды жұмысқа орналастыру, жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларын іске асыру, атаулы әлеуметтік көмек көрсету, мүмкіндігі шектеулі адамдарды және халықтың басқа да әлеуметтік осал топтарын қолдау жөніндегі жұмыстардың нәтижелері туралы хабардар етілді.
Әлеуметтік салада цифрлық және инновациялық шешімдерді енгізу мәселелеріне ерекше назар аударылды. Елордада «Яндекс Go» сервисі арқылы қызмет көрсету бойынша қанатқақты жобаны іске асыру жалғасуда, «Smart Astana» мобильдік қосымшасы дамуда, Астана қаласының «Birge» бірыңғай цифрлық порталы арқылы инватакси қызметтері көрсетілуде, заманауи технологиялар, соның ішінде кресло-арбаны басқаруға арналған ақылды капа енгізілуде. Сондай-ақ аға буын азаматтарының өмір сүру сапасын арттыру үшін 2022 жылғы қаңтарда құрылған Астана қаласы әкімдігі Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының қызметі аталып өтті.
Мәслихат депутаты Кендебай Адамбек Астананың 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспарының және 2026-2030 жылдарды қамтитын осы жоспар индикаторларының орындалуына жіті көңіл бөлуді ұсынды. Сондай-ақ Цифрландыру мен жасанды интеллектінің 2029 жылға дейінгі стратегиясының дамуын осы басқармада бөлек қарастыруға кеңес берді. Сонымен қатар тұрғын үй жәрдемі бойынша әлеуметтік және бұқаралық ақпарат құралдарында халықпен ақпарат жұмысын күшейтуді ұсынды. Бюджет қаржысын тиімді жұмсаудың маңызына тоқталып, шығындардың өсіміне емес, іске асып жатқан бағдарламалардың нәтижелігіне жұмыс істеу керектігін атап өтті.
Мәслихат депутаты Мәдина Әжікенова елорда халқының саны тұрақты өсуде екенін, қазір тұрғындар саны 1,6 миллионнан асқанын айта келе, халық санының өсуі әлеуметтік инфрақұрылым мен жұмыспен қамту саласына түсетін жүктемені де арттыратынын тілге тиек ете келе, осыған байланысты әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту бағытындағы жұмыстар күшейтілуде екенін атап өтті. Оның мәліметінше, қазіргі таңда 220 мыңға жуық азамат әлеуметтік қолдауға мұқтаж. Сонымен қатар жыл басынан бері 162 мыңнан астам мемлекеттік қызмет көрсетіліп, оның 93,9%-ы электрондық форматта ұсынылған. Оның пікірінше, халықтың әл-ауқатын арттыру, әлеуметтік қолдаудың қолжетімділігін қамтамасыз ету және жаңа жұмыс орындарын құру басты басымдықтардың бірі болып қала беруі керек.
Сонымен қатар депутаттар білім беру ұйымдары, жұмыс берушілер және уәкілетті мемлекеттік органдар арасында тығыз өзара іс-қимыл құру арқылы еңбек нарығы үшін кадрлар даярлау жүйесін жетілдіру қажеттігіне назар аударды. Еңбек ұтқырлығы орталығының қызметі және азаматтарды жұмысқа орналастыру жөніндегі шаралардың тиімділігі мәселелері жеке қаралды. Депутаттар халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесуге жауапты мамандар жұмысы нәтижелілігінің нақты көрсеткіштерін енгізу маңызын атап өтті. Уәкілетті органға жұмыстың тиімділігін арттыруға және мемлекеттік қызметтерді сапалы көрсетуді қамтамасыз етуге бағытталған тиісті тапсырмалар берілді.



