Қылқалам шеберінің «Мұрасы»

Ұлттық музейде көрнекті график-суретші Исатай Исабаевтың туғанына 90 жыл толуына арналған «Исатай Исабаев. Мұра» атты көрме өтіп жатыр. Көрме 26 маусымға дейін жалғасады.
Қылқалам шебері офорт, линогравюра және ксилография сияқты күрделі графика техникасын жетік меңгеріп, қазақ графикалық өнерінің қалыптасуы мен дамуына зор үлес қосты. Оның шығармаларында көркем иллюстрация арқылы қазақ халқының тұрмысы мен дәстүрлері, эпос және фольклор әлемі терең әрі әсерлі бейнеленген. Бұған қоса, Абай Құнанбайұлы, Мұхтар Әуезов, Бейімбет Майлин мен Ілияс Жансүгіровтің шығармалары желісімен салынған туындылар да кездеседі.
Исатай Исабаев шығармашылық жетістіктері және жоғары кәсіби шеберлігі үшін бірқатар мемлекеттік және халықаралық марапатқа ие болды. Атап айтқанда, 1988 жылы ол Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген өнер қайраткері атағын алды, 1991 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері атағына ие болды. Сонымен қатар, ең үздік графика үшін Түрікменстандағы «Бехзод» халықаралық сыйлығының лауреаты атанды. Қазақстанның бейнелеу өнеріне қосқан елеулі үлесі үшін берілетін «Тарлан» тәуелсіз сыйлығымен марапатталды.
Экспозицияда суретшінің 80-нен астам графикалық туындысы, қылқалам шеберінің отбасы қорынан әрі ҚР Ұлттық музейі қорынан алынған жұмыстар, сондай-ақ сирек қойылатын түпнұсқа баспа қалыптары – мырыш, линолеум мен шамшат материалдарынан жасалған матрицалар ұсынылған.



