Салғараұлы салған соқпақ

Астана қаласындағы Қазтұтынуодағының Жоғары колледжінде «Ұлт руханияты және тұлғалар тағылымы» атты танымдық кездесу ұйымдастырылды. Іс-шараның басты мақсаты – жастар арасында кітап оқу мәдениетін насихаттау, ұлттық құндылықтарды дәріптеу болды.
Кездесу Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кітап оқу мәдениетін дамытуға бағытталған бастамаларын және «Біртұтас тәрбие» бағдарламасының «Ұлттық мүдде» құндылығын негізге ала отырып өткізілді. Шара «Оқуға құштар колледж» жобасы аясында өтті.
Кездесудің құрметті қонағы – белгілі ғалым, жазушы, тарихшы-этнограф, журналист, мемлекет және қоғам қайраткері Қойшығара Салғараұлы болды. Ол қазақ халқының көне тарихы мен түркі өркениетінің тамырларын зерттеуге зор үлес қосқан ғалым ретінде танымал. ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты және Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері жастармен еркін сұхбат құрып, өз өмір жолы мен шығармашылық тәжірибесі туралы ой бөлісті.
Кездесу барысында кітаптың адам өміріндегі орны, білімнің құндылығы, әдебиеттің тәрбиелік маңызы және ұлттық руханият мәселелері кеңінен сөз болды. Студенттер қазақ әдебиетінің көрнекті тұлғалары туралы тың мәліметтер алып, көкейлеріндегі сұрақтарын қоюға мүмкіндік алды.
Қойшығара Салғараұлының шығармашылық жолы да таныстырылды. Ғалым тарих саласына бет бұрмас бұрын өнімді прозашы әрі сатирик ретінде танылып, «Ілгешек», «Сол бір күндер», «Үбедей», «Соқпақ жолға бастайды», «Тоғысқан тағдырлар» сынды көркем туындыларын оқырман қауымға ұсынған.
Шара соңында колледж ұжымы Қойшығара Салғараұлына жастар тәрбиесіне қосқан үлесі мен мазмұнды кездесуі үшін алғыс білдірді. Сонымен қатар, осындай рухани-мәдени іс-шаралардың ұйымдастырылуына қолдау көрсетіп жүрген колледж директоры Мырзабек Төребекұлы Кужимовқа ризашылықтарын жеткізді.
Тағылымды кездесу студенттердің кітап оқуға, білімге және ұлттық құндылықтарға деген қызығушылығын арттырып, олардың рухани дамуына оң әсерін тигізді. Қойшығара Салғараұлы салған соқпаққа түскен жастар риза болып тарқасты.



