Электросамокат қолданушыларға бақылау күшейді
Жаз маусымының басталуымен елорда көшелерінде электросамокат пайдаланушылар саны айтарлықтай артты. Алайда көптеген азаматтар жол қозғалысы ережелерінің талаптарын елемей, өздеріне және айналасындағыларға қауіп төндіріп отыр. Жыл басынан бері тәртіп сақшылары электросамокат пайдаланушылар тарапынан жасалған жол ережесін бұзудың 1200-ден астам дерегін анықтады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz қала полиция департаментіне сілтеме жасап.
Полиция қызметкерлері қауіпсіздікті қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында тұрақты түрде рейдтік және профилактикалық іс-шаралар жүргізіп келеді.
Мәселен, бір жағдайда екі кәмелетке толмаған жасөспірім көлік көп жолда бір электросамокатпен жүріп, жол қозғалысы ережелерін бірнеше рет бұзған. Осы дерек бойынша 16 жасқа толған жасөспірімге қатысты әкімшілік хаттама толтырылды. Сондай-ақ кәмелетке толмағандардың заңды өкілдері оларды тәрбиелеу және күтіп-бағу міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін жауапкершілікке тартылды.
Полиция еске салады: бір самокатқа екі адам мінгесуге, қозғалыс кезінде телефон мен құлаққап қолдануға, жылдамдықты асыруға және қауіпті маневрлер жасауға тыйым салынады. Жаяу жүргіншілер өткелі арқылы өткен кезде самокаттан түсіп, оны жаяу алып өтуі тиіс.
Электросамокатпен жүруге веложолақтар мен велосипед жолақтарында рұқсат етіледі, ал олар болмаған жағдайда – жолдың оң жақ шетімен жүруге болады. Бұл ретте жүргізуші 18 жастан асқан болуы, кез келген санаттағы жүргізуші куәлігі болуы, қорғаныш мотошлем киюі және қараңғы уақытта жарық шағылыстыратын элементтерді қолдануы тиіс. Сонымен қатар электросамокат операторларына тіркеу нөмірлерін беру және есепке алу міндеті жүктелген.
Жалға берілетін самокаттарды пайдаланушылар оларды жиі рұқсат етілмеген орындарға қалдырып кетеді. Тротуарларда, аялдамаларда және жаяу жүргіншілер өткелдерінде тасталған мұндай көлік құралдары азаматтарға кедергі келтіреді. Мұндай самокаттар эвакуацияланып, коммуналдық айып тұрағына жеткізіледі.
Астана қаласының Полиция департаменті азаматтарды заң талаптарын қатаң сақтауға шақырады. Жолдағы қауіпсіздік әрбір жол қозғалысына қатысушының жауапкершілігіне байланысты.



