«ReStart» әлеуметтік жобасы пробация есебінде тұрған жастарға қолдау білдірді

Елорданың AU HUB алаңында «ReStart» әлеуметтік жобасы аясында пробация есебінде тұрған жастарды қолдауға бағытталған іс-шара өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Кездесуге Астана қаласы Жастар саясаты мәселелері басқармасының өкілі Әлібек Жүсіпов, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Жастар және отбасы істері комитетінің өкілі Төлеген Досов, Қазақстан құрылысшылар одағы төрағасының орынбасары Абзал Саманов, «Отбасы банк» АҚ жетекші консультанты Гүлзира Нұрмаханова қатысты.
“Бұл басқосуда жастардың өңірлік тұрғын үй бағдарламаларына қатысу жолдары, сондай-ақ жастарды жұмыспен қамту және әлеуметтік қолдау мәселелері қарастырылды. Қатысушылар пробация есебіндегі жастардың қоғамға қайта бейімделуіне тұрғын үй мен тұрақты жұмыстың маңызды екенін атап өтті. Бұл өз кезегінде жастардың кәсіби дамуына, қоғамға бейімделуіне және жаңа мүмкіндіктерге жол ашуға ықпал етеді” дейді
«ReStart» жобасының жетекшісі Меруерт Камзина.
Кездесуден кейін «Нейрожелілер – табыс табу құралы» тақырыбында практикалық воркшоп ұйымдастырылды. Оған пробация қызметінің есебінде тұрған 35 жасқа дейінгі жастар қатысты.
Воркшоп барысында қатысушылар жасанды интеллекттің мүмкіндіктерімен танысып, мәтін жазу, сурет дайындау, дизайн жасау және түрлі цифрлық сервистерді пайдалану бойынша тәжірибелік білім алды. Сондай-ақ нейрожелілермен жұмыс істеуге арналған сұраныстарды (промпттарды) дұрыс құрастыру жолдары түсіндірілді.
Жалпы, мұндай бастаманың мақсаты – жастарға заманауи цифрлық дағдыларды меңгеруге көмектесу, қашықтан жұмыс істеу және заңды табыс табу мүмкіндіктерін көрсету.



