Басты ақпаратҚала мен сала

Астанада қандай ағаштар өседі?

Бүгінде Астана өте жылдам өсіп, қарқынды құрылыспен бірге көлемі де ұлғаюда. Алайда бұл қала инфрақұрылымын дамытумен қатар, көгалдандыру жайын өзекті ете түседі. Себебі суару жүйесі құрылыспен бірге бір мезгілде тартылмайды. Оған қоса, жаңа тұрғын үйлердің айналасындағы топырақ құрылыс қоқысымен ластануда, сондықтан әр көшетті тамыр жайғызу үлкен еңбекті талап етеді. Елорданы жасыл қалаға айналдырудағы өзге де мәселелер туралы «Астана Зеленстрой» ЖШС бас агрономы Бауыржан ДАЛХАНОВПЕН сұхбатта баяндадық.

– Бауыржан Шәріпұлы, дамыған елдердің Қазақстандағы елшілерімен сұхбат жүргізгенде олар «елордадағы ең басты мәселе не?» деген сұраққа бірден ағаштардың аздығын, құрылысты емес, саябақтарды көбейту керек екенін айтады. Расымен, топырағы құнарлы бола тұра, неге Астанада ағаш аз?

– Басты мақсат – ағаштардың санын көбейту ғана емес, климатқа төзімді, ұзақ өмір сүретін, сапалы жасыл орта қалыптастыру. Астананың топырағы көбіне сортаң және ауыр сазды болып келеді, сонымен қатар жерасты суларының минералдылығы жоғары, яғни тұз мөлшері көп. Мұндай жағдайда ағаштардың табиғи жолмен өсуі өте қиын. Ағаш отырғызу барысында топырақ толық немесе ішінара ауыстырылады, құнарлы субстрат енгізіледі, дренаж, суару және арнайы агротехника шаралары қолданылады. Сондықтан елордадағы әрбір ағаш тұрақты күтімді қажет етеді: суару, тыңайтқыш енгізу, зиян­кестерге қарсы өңдеу, санитарлық кесу, топырақты қопсыту және өсімдікті климаттық стресс факторларынан қорғау жұмысы үздіксіз жүргізілуі тиіс.

– Ағаштардың қалың болып өспеуіне қысы қатты, суық маусымы ұзақ болуы кедергі ме?

– Иә, Астанада ағаштардың белсенді өсу кезеңі небәрі 4-5 айға ғана созылады. Ал қыс мезгілінде топырақтың терең қатуы тамыр жүйесінің қалыпты дамуын қиындатады. Ең қауіпті фактордың бірі – қыстағы аязды әрі құрғақ жел. Олар ағаш бойындағы ылғалды буландырып, өсімдікті сусыздануға ұшыратады. Сондықтан елорда жағдайында көгалдандыру жұмысы кезінде кез келген ағаш түрі емес, тек осы климатқа бейімделген, арнайы іріктелген, аязға, желге және құрғақшылыққа жоғары төзімді түрлер ғана пайдаланылады. Мұндай тәсіл өсімдіктердің өміршеңдігін арттырып, олардың қалалық ортаға бейімделуіне мүмкіндік береді.

– Былтыр қалада қанша ағаш отырғызылды, қандай жұмыс жүргізілді? Биылғы жоспар қандай?

– Өткен жылы «Астана-Зеленстрой» ЖШС қала аумағында 247599 дана ағаштар мен бұталар және көпжылдық сәндік бұталар көшетін отырғыз­ды. Сонымен қатар жасыл екпелерді күтіп-баптау, суару жүйелерін жаңарту және саябақтар мен жасыл белдеулерді абаттандыру жұмысы жүргізілді. Биыл да осы көлемде отыр­ғызу жоспарланып отыр.

– Астананың қатал континенттік климатына қай ағаш түрлері ең төзімді?

– Ең төзімді қайың, Сібір қарағайы, Сібір шыршасы, балқарағай және үйеңкі сияқ­ты ағаштар Астананың қатал континенттік климатына жақсы бейімделеді. -35°C аязға және жазғы ыстыққа төзімді ағаштар: қарағай, балқарағай, қайың, үйеңкі, т. б. Бұлар температураның қатты ауытқуына шыдамды. Қатты желге төзімді түрлері: қарағаштың (Сібір қарағашы) желге төзімді түрлері, қайың және терек. Олардың тамыры мықты болғандықтан, желге тосқауыл ретінде де қолданылады. Құрғақшылыққа шыдамды ағаштар: Сібір қарағашы, жыңғыл, сондай-ақ жыңғыл тәрізді бұталар мен кейбір терек түрлері. Ерте көктемгі үсікке төзімді түрлері: балқарағай мен қайың бүршігі кеш ашылатындықтан, көктемгі үсікке аз ұшырайды. Жалпы Астана үшін ең тиімдісі – жергілікті және Сібір аймағына тән ағаш түрлері, өйткені олар суыққа, желге және құрғақшылыққа бірдей бейімделген.

– Жергілікті (native) ағаш түрлерін отырғызған дұрыс па? Қай ағаштар Астанада тарихи түрде жақсы өсіп ­келеді?

– Жақсы өсетін ағаштар – қарағаш, жиде, шаған, қарағай, терек және кейбір қа­йың түрлері қала жағдайында салыс­тырмалы түрде тұрақты өседі. Тез өсетін, бірақ қысқа өмір сүретін түрлері – терек, тал және кейбір гибрид түрлері, алайда өмір сүру ұзақтығы шектеулі болуы мүмкін. Ұзақмерзімді, күтімі аз ағаштар – қарағаш, жиде, қарағай, татар үйеңкісі және кейбір шаған түрлері ұзақ өмір сүріп, салыстыр­малы түрде аз күтімді талап етеді. Қылқан жапырақты және жапырақты ағаштардың да артықшылығы бар. Қылқан жапырақтылар жыл бойы жасыл күйде болады және қорғаушы белдеу ретінде тиімді, ал жапырақты ағаштар жазда көлеңке беріп, қаланың микроклиматын жақсартады. Қолдану аймағы бойынша ұсыныстар: көшелерде шаң мен газға төзімді түрлері – қарағаш, шаған, үйең­кі. Саябақтарда қылқан жапырақтылар мен аралас топтарға жататынын, ал аулаларда орта және төмен бойлы, тамыры аз таралатын сәндік түрлерін ­өсірген жөн.

– Қайсысының тамыр жү­йесі тротуарға зиян келтіруі мүмкін? Қай ағаштар аллергияны күшейтеді?

– Астананың климаты қатал болғандықтан, аязға, желге және тұзды топыраққа төзімді ағаштар таңдалады. Қарағаш, жиде, шаған, қарағай мен тал жақсы бейімделген. Терек пен кейбір үйеңкі түрлерінің тамыры тротуарды бүлдіруі мүмкін, ал қайың мен терек аллергия­ны күшейтеді. Ауаны жақсы тазартатындар – жөке, қарағаш және қылқан жапырақтылар. Жас көшеттерге алғашқы жылдары тұрақты суару қажет, сондықтан тамшылатып суару жүйесі тиімді. Дұрыс күтім болса, көшеттердің жерсіну көрсеткіші 85-90 %-ға жетеді.

– Ағаштарды желден қорғау үшін қандай схема тиімді? Ғимараттар арасындағы «жел дәлізін» азайтуға қай ағаштар көмектеседі?

– Желден қорғау үшін ағаштар бірнеше қатармен және бұталармен бірге отыр­ғызылады. Қаланың «жел дәлізін» азайтуда тығыз жапырақты қарағаш, жөке және қылқан жапырақтылар тиімді. Жол бойында газ бен шаңға төзімді ағаштар пайдаланылады. Қысқы тұзға ең төзімділері – жиде, қарағаш және талдың кейбір түрлері. Құстар мен жәндіктер үшін шетен, долана және жиде пайдалы.

– Бір ағаштың толық кү­тіміне қанша уақыт жұмсалады?

– Бір ағашты отырғызу мен бірнеше жыл күтіп-баптау айтарлықтай шығынды талап етеді. Ең тиімді көшет жасы – 3-7 жыл. Жергілікті тұқымбақтардың көшеттері импорттық ағаштарға қарағанда климатқа төзімді әрі жерсіну па­йызы жоғары.

– Елордада бұрын отырғызылып, бірақ сәтсіз болған ағаш түрлері қандай?

– «Астана-Зеленстрой» ЖШС-те көлемі 349 гектар тұқымбақ бар, ол қаладан шамамен 40 шақырым жерде орналасқан. Тұқымбақта 40-тан астан ағаш түрі өседі. Сол себепті ағаш түрлері тұқымбақта әбден жергілікті климатқа бейімделген. Қазір климаттың өзгеруіне байланыс­ты құрғақшылыққа, ыстыққа төзімді ағаштарға және әсем­ділікке басымдық беріліп ­жатыр.

– Ағаш отырғызу жұмысын бәсекелес ортаға беру қаншалықты тиімді?

– Ағаш отырғызуды бәсекелес ортаға беру тиімді, бірақ мердігерлер тек отырғызуға емес, ағаштың кемінде 2-3 жыл толық күтіміне де жауап беруі керек. Егер көшеттер қураса, компания оларды өз есебінен қайта отырғызуы тиіс.

Сұхбаттасқан

Райхан РАХМЕТОВА

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button