Қала мен сала

«Тарлан Астана» атауы беріледі

Астана қаласының мәслихаты елорданың жеңіл рельс­ті көлік жүйесінің атауын өзгерту туралы ұсынысты мақұлдады.

Елорда мәслихатының кезектен тыс сессиясында жеңіл рельсті көлік (LRT) жүйесіне «Тарлан Астана» атауын беру ұсынылды.

Мәслихат отырысында Астана қаласы Тілдерді дамыту және мұрағат ісі басқармасы басшысының міндетін атқарушы Досжан Исабек бұл бастама қала тұрғындары, қоғамдық ұйым­дар және Қазақстан Жазушылар одағының Астана қалалық филиалы тарапынан түскен ұсыныстар негізінде әзірленгенін атап өтті.

– Қазіргі таңда LRT елорданың маңызды қоғамдық көлік желілерінің біріне айналып келеді. Сондықтан оны тек техникалық атаумен шектемей, қала тұрғындарына жақын, есте сақталатын және заманауи сипаттағы жеке атаумен атау қажеттігі туындап отыр, – деді ол.

Баяндамашының сөзінше, халық­аралық тәжірибеде көлік жүйелеріне елдің мәдениеті мен ерекшелігін танытатын дербес атаулар беру кеңінен қолданылады. Мысал ретінде Ванкувердегі SkyTrain, Рио-де-Жанейродағы SuperVia, Ресейдегі «Сапсан» және Өзбекстандағы «Афрасиаб» жүйелері аталды.

Досжан Исабек жаңа атау нұсқалары қалалық ономастика комиссия­сында қаралғанын айтты. Комиссия мүшелері «Сұңқар», «Алпамыс», «Құлан», «Аспан», «Тарлан» секілді бірнеше нұсқаны талқылап, қорытындысында «Тарлан Астана» атауын ­қолдаған.

– Қорытындылай келе, комиссия мүшелері LRT жеңіл рельсті көлік жү­йесіне «Тарлан Астана» деген атау­ды беру ұсынысын қолдады. «Тарлан» атауы еліміздің тарихи-мәдени мұрасымен тығыз байланысты. «Тарлан» сөзі еркіндік, жылдамдық, күш-­қуат, тектілік және сенімділік сияқты қасиет­терді айшықтайды. Бұл атау айтуға жеңіл, есте сақтауға оңай әрі заманауи көлік жүйесінің серпінін білдіреді. Сонымен қатар туристер мен шетелдік қонақтарға да түсінікті болады, – деді басқарма өкілі.

Ұсынысты мәслихат депутаты ­Бауыржан Смайылов та қолдады. Оның пікірінше, ұзақ жылдар бойы түрлі пікірталас өзегіне айналған жоба бүгінде елорданың жаңа келбетінің бір бөлігіне айналып отыр.

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button