«Қауіпсіз балалық шақ»: әйгілі цирк шоуына келушілер профилактикалық акцияға қатысуда

Елордада өтіп жатқан Cirque du Soleil циркінің қойылымдары барысында қатысушылар «Заң мен тәртіп» профилактикалық акциясына да белсенді атсалысуда. Атап айтқанда, олар Астана қаласының прокуратурасы, қала әкімдігі және Полиция департаменті бірлесе өткізген «Қауіпсіз балалық шақ» акциясына қатысуда, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
-Іс-шара барысында балаларға жеке қауіпсіздік қағидалары, қоғамдық орындардағы және интернет желісіндегі қауіпсіздік ережелері түсіндірілуде. Кәмелетке толмағандардың құқығын қорғау және қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы профилактикалық жұмыстар прокуратура органдарының тұрақты бақылауында, — дейді Нұра ауданы прокуратурасының бөлім прокуроры Камилла Ақылова.

Жалпы «Барыс Арена» фойесінде арнайы «Заң мен тәртіп» тақырыптық аймағы жасақталып, еріктілер мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері көрермендерге ақпараттық буклеттер мен жадынамалар таратуда. Сондай-ақ келушілер қауіпсіздік пен заң талаптарын сақтау тақырыбындағы балалар суреттерімен танысып жатыр.
Акцияның негізгі мақсаты – азаматтарды интернеттегі қауіпсіздік шаралары туралы ақпараттандыру, құқық бұзушылықтардың алдын алу және тәртіпсіздікке «мүлде төзбеушілік» қағидатын нығайту. Ұйымдастырушылар интернет және телефон арқылы жасалатын алаяқтардан қорғану мәселесіне, сондай-ақ цифрлық технологиялардың қарқынды дамуы жағдайында аса өзекті болып отырған қаржылық сауаттылықты арттыруға ерекше назар аударуда.

Еске сала кетейік, Cirque du Soleil ұжымының OVO шоуы аясындағы әлемдік турне Астанада 4-7 маусым аралығында өтіп жатыр. Елордаға 25 елден келген 130 маманнан құралған халықаралық команда, оның ішінде 53 әртіс келді. «Заң мен тәртіп» акциясы шоу өтетін күндері жалғасады.



