Әлеумет

Балалардың терезеден құлауының алдын алу жұмысы жүріп жатыр

Астана қаласы прокурорының аға көмекшісі Әйгерім Өмірзақова балалардың терезеден құлауына қандай факторлар себеп болатынын, масадан қорғайтын торлардың қандай қауіп төндіретінін және мұндай жағдайларда ересектерге қандай жауапкершілік қарастырылатынын айтып берді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Прокуратура өкілінің айтуынша, қауіп-қатерге ең көп ұшырайтындар – мектепке дейінгі жастағы, негізінен 2-5 жас аралығындағы балалар.
«Бұл жаста балалардың қызығушылығы өте жоғары болады, алайда олар қауіп-қатерді әлі толық түсіне алмайды», – деді Әйгерім Өмірзақова.

Оның айтуынша, көп жағдайда балалар ашық тұрған терезенің алдына еш қиындықсыз шығып алады. Бұған терезе маңына қойылған жиһаз бен арнайы құлыптардың немесе құрылғылардың болмауы себеп болады.

«Кейбір ата-аналар балаларын назардан тыс қалдырған жоқпыз деп ойлайды. Алайда қайғылы жағдайдың болуына бірнеше минуттың өзі жеткілікті. Мұндай оқиғалар көбіне ересектер басқа бөлмеде жүрген кезде болады», – деді ол.

Масадан қорғайтын торлар да ерекше қауіп төндіреді. Олар ересектер мен балаларда қауіпсіздік туралы жаңсақ түсінік қалыптастырып, жазатайым оқиғалардың жиі себептерінің біріне айналып отыр. Өйткені мұндай торлар салмақ көтеруге арналмаған және баланың салмағын ұстап тұра алмайды. Соның салдарынан сәби торға сүйеніп, төмен қарай құлап кетуі мүмкін.

Әйгерім Өмірзақованың мәліметінше, мұндай оқиғалардың басым бөлігі мамыр мен қыркүйек аралығында болады. Себебі осы кезеңде пәтерлердегі терезелер жиі ашық тұрады және қауіп айтарлықтай артады.

«Баланың терезеден құлауының әрбір жағдайы ауыр жарақат алу немесе қаза болу қаупімен байланысты. Тіпті бала аман қалған күннің өзінде мұндай оқиғалар көбіне бас сүйегі, омыртқа және ішкі ағзалар тұсынан ауыр жарақат алумен аяқталады», – деді ол.

Астана қаласының прокуратурасы мұндай жағдайларда ата-аналар немесе заңды өкілдер баланың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін жауапкершілікке тартылуы мүмкін екенін еске салды.

Кей жағдайда әкімшілік жауапкершілік көзделсе, ауыр зардаптарға немесе кәмелетке толмаған баланың қаза болуына әкелген оқиғалар бойынша қылмыстық жауапкершілік мәселесі қаралады. Әрбір жағдай барлық мән-жай ескеріле отырып, жеке зерттеледі.

Әйгерім Өмірзақова балаларды қорғаудың ең тиімді жолдары – терезеге арналған құлып, блокираторлар мен арнайы құрылғылар орнату, сондай-ақ балалардың терезе алдына шығуына рұқсат бермеу. Оның айтуынша, ешқандай техникалық құрал ересектердің назарда ұстауын алмастыра алмайды.

«Қала прокуратурасы мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында балалардың терезеден құлау жағдайларының алдын алу жұмысын тұрақты жүргізіп келеді. Көктемгі-жазғы кезеңнің басталуына байланысты қауіптің артуы ескеріліп, кең көлемді ақпараттық-түсіндіру науқаны ұйымдастырылып жатыр.

Атап айтқанда, профилактикалық бейнероликтер мен жадынамалар таратылып, бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде ақпараттық материалдар жарияланады. Сондай-ақ телеарналар мен радио арқылы түсіндіру жұмысы жүргізіледі. Бұдан бөлек, сауда-ойын-сауық орталықтарының хабарландыру жүйелері арқылы аудиороликтер беріліп, мүлік иелері бірлестіктерінің өкілдері де бұл жұмысқа тартылған.

Негізгі мақсат – жазатайым оқиғалардың алдын алу, ата-аналар арасында қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру және балаларды үнемі бақылаудың маңыздылығына назар аударту», – деді Әйгерім Өмірзақова.

Оның айтуынша, өткен жылы прокуратураның үйлестіруімен елорданың 78 тұрғын үй кешенінде терезе қауіпсіздігін қамтамасыз ететін арнайы құрылғылар орнатылды. Соның нәтижесінде 23 мыңнан астам тұрғынның қауіпсіздігі күшейтілді.

Ведомство өкілдерінің мәліметінше, профилактикалық жұмыстар жалғасып жатыр және бұл мәселе прокуратура органдарының тұрақты бақылауында.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button