Білім

Астанада жазғы лагерлер маусымы басталды

Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Астана қаласының мектептерінде балалардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыруға және олардың спорттық, шығармашылық әлеуетін дамытуға бағытталған жазғы лагерлер өз жұмысын бастады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Биыл елордада жазғы демалыс кезеңінде 1-10 сынып аралығындағы 242 мыңнан астам оқушыны қамту жоспарланып отыр. Оның ішінде 11 мыңға жуық әлеуметтік осал санаттағы балаларға ерекше қолдау көрсетіледі. Балалардың демалысы мен сауықтыруына арналған кешенді бағдарламалар қала бойынша жүйелі түрде жүзеге асырылуда.

Атап айтқанда, «Дидарлы жаз – 2026» жобасы аясында жаз бойы 8 360 оқушы қамтылады. Лагерь жұмысына негізінен 5-8 сынып оқушылары қатысып, қала мектептері арасында спорттық командалық жарыстар ұйымдастырылады. Бағдарлама бірнеше кезеңнен тұрады: маусым айында қозғалмалы ойындар өткізілсе, шілдеде футбол мен волейболдан жарыстар жоспарланған. Ал тамыз айында оқушылар тоғызқұмалақ, асық ату және бес асық сияқты ұлттық спорт түрлері бойынша өзара бақ сынайды.

Сонымен қатар, бастауыш сыныптардың 75 мыңнан астам оқушысы мектеп жанындағы лагерьлермен қамтылуда. 5-10 сыныптың 89 мыңға жуық оқушысы «Оқитын ұлт: OZYQ ULT», «Болашақ LAB», «GREEN CITY: Балалар таңдауы», «Әділет CAMP», «Smart Bala», «САЯХАТ & СПОРТ» сияқты бейіндік лагерьлерге қатысады.

Жазғы демалыс аясында 32 мектеп жанынан «Атамекен» этно-лагерьлері ашылып, балаларға ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған іс-шаралар ұйымдастырылуда. Жекеменшік мектептер базасында да 35 мыңнан астам баланың демалысын қамту көзделген.

Бұдан бөлек, 2 681 оқушы қала сыртындағы сауықтыру лагерьлеріне жіберіледі. Бұл бағыттағы жұмыстар жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылған. Сондай-ақ қаланың 14 қосымша білім беру ұйымында қысқа мерзімді клубтар мен тақырыптық лагерьлер ұйымдастырылып, шамамен 8 мың бала қамтылады.

Әл-Фараби және Махамбет Өтемісұлы атындағы оқушылар сарайларында, сондай-ақ «Таным» кешенінде «KIDSHUB Tanym», «Жұлдыздар академиясы», «Sport Mix», «Eco Life» бағыттарындағы арнайы жобалар жүзеге асырылуда.

Осылайша, Астанада балалардың жазғы демалысын мазмұнды әрі қауіпсіз ұйымдастыру, олардың шығармашылық, зияткерлік және спорттық дамуына жағдай жасау бағытындағы жұмыстар кешенді түрде жүргізілуде.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button