Астанада алимент өндірудің тиімділігін арттыру мәселесі жөнінде дөңгелек үстел өтті

«Заң мен тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру аясында Астана қаласының Алматы ауданының прокуратурасы әділет органдарының, полицияның, жеке сот орындаушыларының және салық қызметінің өкілдерінің қатысуымен алимент өндірудің тиімділігін арттыру мәселелері бойынша дөңгелек үстел өткізді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz қалалық прокуратураға сілтеме жасап.
Іс-шара барысында атқарушылық өндірістерді орындау, мәжбүрлеп өндіріп алу шараларын қолдану, сондай-ақ алимент төлеуден жалтарып жүрген борышкерлерді әкімшілік және қылмыстық жауаптылыққа тартуға қатысты өзекті мәселелер талқыланды.
Ведомствоаралық өзара іс-қимыл, борышкерлерді іздестіру тетіктерін жетілдіру, электрондық әмияндарды, платформалық жұмыспен қамтуды және өзге де қаржылық құралдарды қоса алғанда, жасырын табыс көздерін анықтау мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Кездесу қорытындысы бойынша сот актілерінің орындалу тиімділігін арттыруға, кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғауға және жауаптылықтың бұлтартпастығы қағидатын қамтамасыз етуге бағытталған бірлескен шаралар кешені әзірленді.
Астана қаласының прокуратурасы балалардың құқықтарын қорғау және алименттік міндеттемесін уақтылы өндіріп алынуын қамтамасыз ету бойынша жүйелі жұмысты жалғастырады



