Қазақстандық оқушылар халықаралық жарыстарда 1 000-нан астам медаль жеңіп алды
Қазақстандық оқушылар Финиксте өткен әлемдегі ең ірі ғылыми-инженерлік көрме Regeneron ISEF-ке де қатысты. Қатысушылардың бірі жасанды интеллектіні қолдану арқылы онкологиялық ауруларды ерте анықтау жобасы үшін арнайы марапат пен шетелдік университеттің білім грантын алды.
Хьюстонда өткен робототехника бойынша халықаралық жарыстарда қазақстандық оқушылар 50 мыңнан астам қатысушы арасында 12 наградаға ие болды. Күздің соңына дейін ел оқушылары тағы 10-нан астам халықаралық жарысқа қатысуды жоспарлап отыр.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша халықаралық олимпиадалар мен ғылыми конкурстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері біржолғы төлем алады. Алтын медаль үшін 1500 айлық есептік көрсеткіш, күміс медаль үшін 1000, қола медаль үшін 500 айлық есептік көрсеткіш қарастырылған. Педагог-жаттықтырушылар 8,5-тен 26,5-ке дейінгі базалық лауазымдық айлықақы көлемінде ынталандыру төлемдерін алады.



