Қоғам

Ешкімнің көңіліне қаяу түсірмейтін жан еді…

Қасымбек Манат Нұрлыбайұлы 1965 жылы 13 мамырда Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкібас ауданы Абайыл стансасында ұстаздар отбасында дүниеге келді. Жастайынан білімге құштар, алғыр болып өсті.

1981 жылы Түлкібас стансасындағы №343 орта мектепті үздік тәмамдап, Алматы медициналық институтының фармацевтика факультетіне оқуға түсті. Институтты 1986 жылы қызыл дипломмен бітіріп, жолдамамен Қарағанды облысы Саран қаласына қызметке барды. Еңбек жолында өзінің жауапкершілігі, іскерлігі мен табандылығының арқасында үлкен сенімге ие болып, Саран қаласындағы орталық дәріхананың меңгерушісі, кейін қалалық фарм басқармасының басшысы қызметтерін абыроймен атқарды.

1995 жылы ата-анасы Нұрлыбай мен Болайға қамқор болу мақсатында туған жеріне оралып, Түлкібас ауданында халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету ісін қолға алды. Дәріханалар ашып, кәсіпкерліктің басқа салаларын да дамытуға өз үлесін қосты. Осылайша оның еңбек жолындағы кәсіпкерлік кезеңі басталды. Ата-анасының батасын алып, 2004 жылы отбасымен Астана қаласына қоныс аударып, мұнда да фармация саласындағы кәсібін жалғастырды.

Манат Нұрлыбайұлы жары Ақлимамен бірге 1990 жылы Саран қаласында шаңырақ көтеріп, Мөлдір, Мәди және Мәдина есімді ұлағатты ұрпақ тәрбиелеп өсірді. Барлығы жоғары білім алып, бүгінде өз отбасыларын құрған. Артында 7 немересі бар. Ол Мөлдір қызынан туған Айым есімді немересін көріп кетті.

Қысқа ғұмырында Қасымбек Манат Нұрлыбайұлы елге сыйлы, ағайынға қадірлі, дос-жаранға сенімді азамат бола білді. Оның болмысынан зиялылық, парасаттылық пен адамгершілік айқын көрінетін. Ешкімнің көңіліне қаяу түсірмей, айналасына әрдайым жақсылық пен жылулық сыйлап өтті. Осындай асыл азамат 2021 жылдың 15 шілдесінде дүниеден кенеттен озды. Қасымбек Манат Нұрлыбайұлының адами қасиеттері ерекше еді. Ол кең жүректі, бауырмал, мейірімді, адамгершілігі мол жан болатын. Отбасына, достарына және ағайын-туысына деген сүйіспеншілігі шексіз еді. Жақындарының қуанышын өз қуанышындай көріп, қиын сәтте әрдайым жанынан табыла білді. Үлкенге құрмет көрсетіп, кішіге қамқорлық танытатын. Оның ақжарқын мінезі мен шынайылығы айналасындағы адамдардың жүрегінен орын алды.

Манат Нұрлыбайұлы спортты, әсіресе футболды ерекше жақсы көрді. 2008 жылы бауырлары және достарымен бірге Астанада «Жігер» футбол клубын құрды. Бұл клуб уақыт өте келе достықтың, бірліктің және сыйластықтың символына айналды. Бүгінде Қасымбек Манат Нұрлыбайұлын еске алуға арналған дәстүрлі турнир 4 жыл қатарынан ұйымдастырылып келеді. Бірінші жылы турнирді бауырлары, екінші және үшінші жылдары достары, төртінші жылы құдалары өткізді. Ал келесі жылдарды ұйымдастыруды да оны қадірлеген жақын адамдары алдын ала өз мойындарына алып қойған. Бұл – оның ел арасында үлкен сый-құрметке ие болғанының айқын дәлелі.

Қасымбек әулетінде 10 бала тәрбиеленді: 8 ұл, 2 қыз. Манат Нұрлыбайұлы сол әулеттің тоғызыншы перзенті еді. Ол бауырларына, ата-анасына ерекше қамқор болып, отбасылық құндылықтарды бәрінен жоғары қоятын. Әке-шешесіне деген құрметі мен махаббаты, бауырларына деген жанашырлығы ерекше болатын. Ағайын арасындағы татулықты сақтап, туыстық байланысты бекем ұстауға әрдайым мән берді.

Ол жүрген жер әрдайым мереке мен шаттыққа толы болатын. Әзілі жарасқан, көпшіл, жаны жайсаң азаматтың жанында адал достары көп еді. Адамдарға қуаныш сыйлап, айналасына жылулық пен мейірім шашып жүретін. Сонымен қатар, Манат Нұрлыбайұлы дінге жақын, рухани бай адам болды. Медреселерге көмектесіп, қайырымдылық жасауды азаматтық парызы санады. Дүниелік істермен қатар рухани дамуға да ерекше көңіл бөліп, имандылықты өмірлік ұстанымы етті. Оның бойындағы адамгершілік, кеңпейілділік пен сабырлылық көпшілікке үлгі болды. Манат Нұрлыбайұлының жарқын бейнесі, жасаған жақсылығы мен артында қалдырған ізгі істері туған-туыстарының, достарының және оны таныған барша жанның жүрегінде мәңгі сақталады.

Махат САДЫҚ

 

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button