Жол қозғалысы қауіпсіздігі үшін цифрлық бақылау жүйелері кеңінен енгізілуде
Астанада қазіргі таңда жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында цифрлық бақылау жүйелері кеңінен енгізілуде. Атап айтқанда «Жасанды интеллект негізіндегі қалалық инфрақұрылымды басқару шешімі» жобасы аясында («Presight AI Ltd» компаниясы) жол қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіп саласындағы 15-тен астам әкімшілік құқық бұзушылық түрін анықтап, тіркейтін аппараттық-бағдарламалық кешен енгізу көзделген, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
-Көше-жол желісінің өсуіне, жаңа автожол учаскелерінің пайдалануға берілуіне және азаматтардан келіп түсетін өтініштердің артуына байланысты «Сергек» камералары көбірек орнатылуда. Бұл жүйелер жүргізушілердің ереже бұзу деректерін жедел анықтап, әкімшілік шара қолдануды жеңілдетуге мүмкіндік береді. Биыл жыл басынан бері фото-бейне тіркеу жүйелері арқылы 271 065 жол қозғалысы ережесін бұзу фактісі анықталды, — дейді Астана қаласы Полиция департаментінің Әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Махамбет Төлешов.
Қала аумағында тіркелген жеке көлік құралдарының саны жыл сайын артып келеді. Сонымен қатар елордаға күн сайын өңірлерден және транзиттік бағыттар арқылы едәуір көлемде автокөлік кіреді. Бұл жағдай жол қозғалысының тығыздығына әсер етіп, жол-көлік оқиғаларының тәуекелін арттырады. Бүгінгі таңда Астанада барлығы 459 543 автокөлік құралы тіркелген, бұл өткен жылмен салыстырғанда 36,4 мыңға артық. Сонымен қатар қалаға күн сайын 80 мыңнан астам транзиттік автокөлік кіреді.
-Жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында Полиция департаментінің тарапынан «Қауіпсіз жол», «Автобус», «Жаяу жүргінші» «Внимание — Пешеход» секілді жедел-профилактикалық іс-шаралар тұрақты түрде өткізіледі. Сонымен қатар жол қозғалысына талдау жүргізіліп, қауіпті учаскелерде патрульдік бақылау күшейтіледі, білім беру ұйымдарында түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылады, цифрлық бақылау жүйелері мен бейнекамералар саны арттырылады, — дейді М. Төлешов.



