Елордада құрбандық шалу рәсімі өтетін орындар белгіленді
Астанада биыл 27-29 мамыр аралығында өтетін Құрбан айт күндері құрбандық шалынатын арнайы орындар белгіленді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте хабарланғандай, Айт намазы 27 мамыр күні таңғы сағат 06:00-де қаланың барлық мешітінде оқылады.
Құрбандық шалу рәсімі күн сайын сағат 07:00-ден 18:00-ге дейін тек ресми түрде бекітілген орындарда ғана жүргізіледі.
Осы мақсатта елордада бес мамандандырылған алаң белгіленді:
• Байқоңыр ауданы: «Шанхай» базары – Алаш тасжолы, 34/6;
• «Баракат» базары – А 369 көшесі, 10;
• «Жайлау» базары – Алаш тасжолы, Ц 313 көшесі;
• «Шәушен» шаруа қожалығы – Алаш тасжолы, 136Б.
• Алматы ауданы: «Ет-Хан» ет цехы – Теміржолшылар тұрғын алабы, Ақжар көшесі, 20.
Құрбандық шалу рәсімін арнайы белгіленген орындардан тыс жерде өткізуге болмайды.
Мереке қарсаңында тұрғындар санитарлық-эпидемиологиялық және ветеринариялық талаптарды сақтауы қажет. Мамандар етті тек тексерілген орындардан сатып алуды, өнімнің сақталу жағдайына назар аударуды, сондай-ақ жеке гигиена мен санитарлық қауіпсіздік ережелерін сақтауды ұсынады.
Сонымен қатар, мал союдан қалған қалдықтарды белгіленген тәртіппен кәдеге жарату қажет, оларды қатты тұрмыстық қалдықтарға арналған контейнерлерге тастауға тыйым салынады.



