Елорда прокурорлары «Астана Тазалық» қызметкерлеріне профилактикалық дәріс өткізді

«Заң мен тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру аясында Астана қаласының прокуратурасы «Астана Тазалық» МКК қызметкерлері үшін профилактикалық дәріс өткізді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz ведомствоға сілтеме жасап.
Кәсіпорынның мәжіліс залында Астана қаласы прокурорының көмекшісі Мұхит Қамбаевтың қатысуымен іс-шара өтті.
Дәріс барысында кәсіпорын қызметкерлеріне қоғамдық орындарда өзін-өзі ұстау қағидасы түсіндіріліп, алаяқтық, дропперлік, есірткі қылмыстары және өзге де құқыққа қарсы әрекеттерді қоса алғанда, кең таралған құқық бұзушылықтар үшін көзделген заңды жауапкершілік түрлері туралы ақпарат жеткізілді.
Жалпы іс-шарамен кәсіпорынның шамамен 50 қызметкері қамтылды.
Дәрісті өткізудің негізгі мақсаты — қызметкерлердің құқықтық сауаттылық деңгейін арттыру, олардың құқыққа қарсы және қылмыстық схемаларға тартылу тәуекелін төмендету, сондай-ақ еңбек ұжымында құқық бұзушылыққа төзбеушілік көзқарасын қалыптастыру.
Астана қаласының прокуратурасы қала кәсіпорындарында профилактикалық іс-шараларды өткізу құқық бұзушылықтың алдын алудың негізгі құралының бірі екенін және азаматтардың құқықтық санасын қалыптастыруға ықпал ететінін атап өтті.



