Жазушының «Майдан әндерін» жанғыртты

Жуырда Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының сахнасында Жеңіс күніне арналған спектакль-концерт өтті.
Белгілі қазақ жазушысы Роллан Сейсенбаевтың әңгімесі желісімен сахналанған «Майдан әндері» әдеби-музыкалық қойылымы драмалық көріністерді, көркем сөзді, хор және оркестр шығармаларын, сондай-ақ соғыс жылдарындағы әндерді бір арнаға тоғыстырды. Кеш бағдарламасында «Священная война», «Ехал я из Берлина», «Вечер на рейде», «На безымянной высоте», «Әлия», «День Победы» шығармалары, сондай-ақ майдан әндері тақырыбындағы оркестрлік попуррилер орындалды.

Спектакль-концертке театрдың жетекші әртістері — Қазақстанның халық әртісі Тілектес Мейрамов, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Жанат Чайкина, Мәдениет саласының үздігі Бақытгүл Батырханова, Ақжол Мамыр, Гайнұр Жетпісбаева, Бейбарыс Сәрсен, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Амантай Жұмашевтің жетекшілігіндегі театр хоры, халықаралық байқаулардың лауреаты Айнұр Еңбекова (вокал), сондай-ақ Мәдениет саласының үздігі Ерлан Бейсембаевтың жетекшілігіндегі театрдың симфониялық оркестрі қатысты.
Жоба аясында шақырылған өнерпаздармен шығармашылық ынтымақтастық жүзеге асты. Атап айтқанда, «Қазақконцерт» солисі, халықаралық байқаулардың лауреаты Айбек Әбдіәшімұлы (вокал) және «Астана Опера» солисі Талғат Аллабиринов (вокал) спектакль-концертке қатысты.
Қойылым режиссёрлері — Қазақстанның халық әртісі Тілектес Мейрамов және Дидар Ғалымжанов.
Тілектес Мейрамов Роллан Сейсенбаев шығармасына қайта оралу өзі үшін көп жылғы шығармашылық жолдың жалғасы екенін атап өтті.

«Жеңіс күніне арналған әдеби-музыкалық композиция белгілі қазақ жазушысы Роллан Сейсенбаевтың «Майдан әндері» әңгімесінің негізінде қойылды. Бұл шығарма көп жыл бұрын жазылғанымен, бүгінгі күнге дейін өзектілігін жоғалтқан жоқ. Себебі бұл — біз үшін жанын қиған жандар алдындағы перзенттік парыз.
Кезінде бұл шығарманың көркемдік құндылығы мені қатты толқытты, алғаш оқыған сәттен-ақ жүрегіме әсер етті. 1989 жылы мен бұл туындыны Әуезов театрында моноспектакль ретінде сахналадым. Кейін қойылым облыс орталықтарында көрсетілді. Ал бүгін бұл шығарма алғаш рет осындай ауқымды форматта — театр әртістері, хор және симфониялық оркестрдің қатысуымен сахналанып отыр. Бұл тақырып мен үшін жеке тұрғыдан да өте жақын. Әкем соғысқа қатысып, кейін жарақаттарының салдарынан өмірден өтті. Сондықтан бұл шығарма мен үшін ерекше маңызды» деді Тілектес Мейрамов.
Театрдың бас дирижёры, Мәдениет саласының үздігі Ерлан Бейсембаев қойылымдағы музыкалық бөлімнің тұтас сахналық әрекеттің маңызды бөлігіне айналғанын атап өтті:
«Жеңіс күніне арналған спектакль-концерт симфониялық оркестр мен театр әртістері үшін ерекше жоба болды. Бағдарламаға соғыс жылдарындағы белгілі шығармалар, оркестрлік композициялар мен вокалдық нөмірлер енгізілді. Қойылымның негізіне Роллан Сейсенбаевтың «Майдан әндері» әдеби-музыкалық композициясы алынды. Бағдарламамен жұмыс барысында біз музыкадағы атмосфера мен эмоционалдық қуатты сақтауға тырыстық.
Жоба аясында шақырылған солистермен шығармашылық ынтымақтастықтың жүзеге асқанына қуаныштымыз. Атап айтқанда, «Қазақконцерт» солисі Айбек Әбдіәшімұлы және «Астана Опера» солисі Талғат Аллабириновпен бірге жұмыс істеу бір сахнада түрлі орындаушыларды тоғыстырып, мазмұнды концерттік бағдарламаны ұсынуға мүмкіндік берді» деді дирижер.
Аманғали ҚАЛЖАНОВ



