Ұлт өнерінің үлкен олжасы

Бас қаладағы Ұлттық академиялық кітапханада ҚР еңбек сіңірген қайраткері, профессор, жырау Алмасбек Алматовтың алты томдық шығармалар жинағының таныстырылымы өтті.
Алмасбек Нұрмаханұлының 70 жылдық мерейтойына орай жарық көріп отырған көптомдық жинаққа жыраудың «Шыңғыснама» тарихи-дастандық циклінің бөлімдері, «Қазына» дастаны, арнау-толғаулары, «Өмір өнегесімен қымбат» атты әңгімелер жинағы, сондай-ақ жырау шығармашылығына арналған биобиблиография көрсеткіші, ғылыми зерттеулері мен мақалалары енген.
Салтанатты іс-шараны белгілі айтыскер ақын, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Аманжол Әлтай жүргізіп, жыраудың шығармашлық баянымен таныстырды. Ол ІІІ дәрежелі «Барыс», «Парасат» ордендерінің иегері, ұлағатты ұстаз, фольклор зерттеушісі, жыраулық өнердің көрнекі өкілі, бабалар сөзінің байрағын ұстап келе жатқан Алмасбек Алматовтың қазақ өнерінің рухани әлеміндегі ұлттың тарихи жадын, дүниетанымын, сөз өнерінің қасиетін ұрпақтан-ұрпаққа жеткізген қасиетті мұра – жыраулық дәстүрді заманауи кеңістікте жаңғыртып оны ғылыми-педагогикалық және шығармашылық тұрғыдан дамытып келе жатқан ерен еңбегіне тоқталып өтті.
ҚР Еңбек Ері, Халық әртісі Қайрат Байбосынов өнер саласында 1980 жылдардан бері қатар жүрген әріптесі жайында сөз қозғап: «2011 жылдан қазіргі уақытқа дейін Қазақ ұлттық өнер университетінде әріптес ретінде шәкірттер тәрбиелейміз. Осы уақыт аралығында мен Алмасты тек орындаушы ретінде емес, дәстүрдің жүгін арқалап келе жатқан азамат ретінде таныдым» деп ықыласын жылы сөзімен білдірді.
Қазақ өнеріне, соның ішінде жыраулық дәстүріне соны олжа салған көп томдықтың жібек бауын кесу рәсімін Қайрат Байбосынов, ақындар Ғалым Жайлыбай, Қалқаман Сарин, Бауыржан Бабажанұлы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан өткізіп, авторға шығармашылық табыс тілеп, лебіздерін жеткізді. Сыр сүлейлерінің сарқылмас мұрасын жаңғыртып, көмейден төгілген қоңыр үнмен халықтың ықыласына бөленіп келген автордың барлық құрметке лайық екенін, алты томдық жаңа жинақтың жарық көруін ел-ұлт руханияты үшін мәні зор мәдени оқиға деп бағалады. Алқалы жиында Алмасбек Нұрмаханұлының шәкірттері, жыршылық өнердің жас өкілдері өнер көрсетті.
Айгүл УАЙС



