Сөз бен саз

Астанада Ұлттық академиялық кітапханада ақын, жазушы Әкім Ысқақ пен сазгер Мамырғали Байстың шығармашылығына арналған «Сөз бен саз» атты әдеби-музыкалық кеші өтті.
Бұл жоба – сөз өнері мен саз өнерінің үндестігін дәріптей отырып, жас ұрпақтың рухани-эстетикалық талғамын қалыптастыруға бағытталған игі бастама. Іс-шара барысында балаларға арналған жаңа туындылар көпшілікке ұсынылып, ұлттық тәрбиенің мәні мен мазмұны кеңінен насихатталды.
Әкім Ысқақ – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, поэзия мен музыка саласында өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан қаламгер. Ол жасөспірімдер мен балаларға арналған мазмұнды шығармалар жазып, олардың адамгершілік құндылықтарды бойына сіңіруіне ықпал етіп келеді. Ақынның «Күн ұлымын», «Біздің Бапақ» атты кітаптары мектеп оқулықтарына еніп, бірқатар өлеңдері ән мәтініне айналып, ел ішінде кеңінен таралған.
Мамырғали Байс – қазақ музыка өнерінде тәрбиелік бағыттағы шығармаларымен танылған сазгер. Балаларға арналған әндері жеңіл әуезділігімен, мазмұн тереңдігімен ерекшеленіп, мектеп сахналарында, түрлі байқаулар мен мерекелік шараларда орындалып жүр.
Кеш аясында балаларға арналған 15 жаңа әннің тұсауы кесіліп, жас өнерпаздардың орындауында шырқалды. Сонымен қатар бүлдіршіндер ақын өлеңдерін мәнерлеп оқып, әдеби-музыкалық композициялар орындап, көрермендерге ұсынды. Іс-шараға зиялы қауым өкілдері, ұстаздар, ата-аналар, мәдениет пен өнер қайраткерлері және оқушылар қатысты.
– Әдеби-сазды кештің мақсаты – «Адал азамат» бағдарламасына сәйкес, жеткіншектердің бойында ұлттық рухта тәрбие беру. Оңтүстіктегі Сызған ауылынан арнайы оқушылар келіп, ән айтып, би билеп өнер көрсетті. Белгілі сазгер Мамырғали Байстың өзі шығарған әндер де шырқалды. Қазіргі таңда қазақ балалары орындайтын әндер азайды. Сондай-ақ ұлттық тәрбиені ән мен өлең арқылы жас ұрпақтың бойына сіңіруді діттейміз, – деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын Әкім Ысқақ.
Кештің өтуіне мұрындық болушылардың бірі, белгілі сазгер, ұстаз Мамырғали Байс ой-пікірімен бөлісіп, іс-шараның мән-маңызына тоқталды.
– Музыка саласының маманымын. Өзім Түркістан облысы Созақ ауданы Ғ.Мұратбаев мектебінде ән мен күйден 37 жылдан бері дәріс беріп келемін. Қазіргі балалар өздерінің табиғатына сай емес әндерді айтып қиналып жүр. Бұрын оқыушыларға қысқа мерзімде 2-3 ән үрету жеңілірек болса, бүгінде қағылездікке салып, жылдам ән-күй үйрету қиындау болып тұрғаны жасырын емес. Осыны байқап, сөзі мен әуенін қазақтың жас өрендеріне бейімдеп, заманға сай етіп, ғажайып туындылар шығаруды жөн санадық. Келешекте осы істі Әкім аға екеуміз біріздендіріп, қазақтың ұлттық аспаптарын қосып, қазақи нақышта көбірек әрлеп, ұлттық болмысымызды жас ұрпақтың бойына дарытуды көздейміз, – деді сазгер.
Олжас ЖОЛДЫБАЙ



