Бағланова атындағы байқау

Елордада Қаз КСР және КСРО халық әртісі, Халық қаһарманы Роза Бағланова атындағы халықаралық вокалдық байқау өтіп жатыр. Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Р.Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерт ұйымы ұйымдастырған бұл байқау барысы жөнінде кеше баспасөз мәслихаты өтті. Оған аталмыш ұйым басшылығы, әйгілі әншінің ұлы Тәжен мен келіні Марал Бағлановтар, қазылар алқасының мүшелері, конкурсанттар қатысты.
– Бұл байқау тек шығармашылық жарыс қана емес. Бұл – ұлттық өнерге құрмет, қазақ вокал мектебінің сабақтастығын жалғастыратын маңызды мәдени жоба. Роза Бағланова есімі қазақ музыка өнерінің тарихында ерекше орын алады. Оның шығармашылық мұрасы, орындаушылық мәдениеті мен сахнадағы дара болмысы бүгінгі жас орындаушылар үшін үлкен мектеп болып қала береді, – деді Р.Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерт ұйымының директоры Ақан Әбдуәли.
Оның айтуынша, биыл байқау екінші рет ұйымдастырылып отыр. Жоба халықаралық деңгейдегі мәдени алаң ретінде қалыптасып келеді. Оған осы жылы Қазақстанның әр өңірінен, сондай-ақ Түркия, Беларусь, Өзбекстан және Қырғыз Республикасынан 137 өтінім келіп түсті.
Алдымен онлайн кезеңнің қорытындысы бойынша кәсіби комиссия 20 қатысушыны іріктеп алды. Бүгін өтетін гала-концертте жеңімпаздардың есімі жарияланып, үздік орындаушылар марапатталады. Роза Бағланова репертуарындағы шығармаларды орындауы – байқаудың негізгі шарты.
– Бұл талап ұлттық музыкалық мұраны сақтауға және оны жаңа буынға насихаттауға бағытталған. Мұндай жобалар талантты жастардың кәсіби сахнаға шығуына, тәжірибе алмасуына және халықаралық мәдени байланыстарды нығайтуға ықпал етеді, – деп түйіндеді сөзін «Қазақконцерт» басшысы.
Қазылар алқасының төрағасы, Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, профессор Лаки Кесоглу Роза Бағлановамен бір сахнада өнер көрсету бақытына ие болғанын айта келе, артына өлмес өнер қалдырған оның концерттеріне халық өте көп жиналғанын, сондықтан кештеріне атты милиция қатысқанын жеткізді. Қырғыз Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Рыскелді Османқұлов кез келген байқау әділ өткенде, оның ғұмыры ұзақ болатынын әңгіме ете келе, осы байқауда әділдік салтанат құратынына сенім білдірді. Әншінің келіні Марал Бағланова байқауды ұйымдастырушыларға алғыс айтып, отбасы арнайы жүлдені тағайындағанын айтып өтті.
– Анамыздың еңбек кітапшасында жалғыз жазу бар. Роза Бағланова «Қазақконцертте» жұмысын бастап, сонда өмірден өткенше қызмет істеді. Сондықтан осы ұйым – отбасымыз үшін өте ыстық шаңырақ. «Мен туралы әңгіме тоқтағанда ғана мен өлді деп есептеңдер» деп өзінің айтатыны бар еді. Осындай байқаулар барда оның аты өшпейді, – деді Марал Бағланова.
Сондай-ақ қазылар алқасының мүшелері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Сембек Жұмағалиев, Болат Бөкенов, Жеңіс Ысқақова әйгілі әнші бейнесін еске алып, байқау туралы сөз сабақтады. Конкурсанттарға келсек, олардың арасында Сәкен Әлімханов, Парасат Отан секілді біраз танылып қалған әншілер бар. Баспасөз мәслихатының соңында жеребі тарту рәсімі ұйымдастырылып, олардың сахнада өнер көрсету кезектілігі анықталды.
Аманғали Қалжанов



