Алпауыттар арасындағы арпалыс

Дональд Трамптың 13-15 мамыр күндері Қытайға мемлекеттік сапармен баруы соңғы күндері халықаралық саясаттағы ең маңызды оқиғалардың біріне айналды. Өйткені Иран төңірегінде әскери-саяси шиеленіс күшейіп, АҚШ тығырыққа тіреліп тұрған шақта бұл кездесу тек екі ел арасындағы байланыс емес, әлемдік геосаяси тепе-теңдікке ықпал ететін маңызды дипломатия қадамы ретінде бағалануда.
Екі бура сүйкенсе…
Бұл – АҚШ президентінің араға 9 жылға жуық уақыт салып Қытайға қайта сапарлап баруы. Трамп бұған дейін 2017 жылдың қараша айында Қытайға үш күндік мемлекеттік сапармен барған болатын. Сол кезде ол Қытайға ресми сапар жасаған АҚШ тарихындағы сегізінші президент әрі Қытай коммунистік партиясының XIX съезінен кейін елге келген алғашқы шетелдік көшбасшылардың бірі ретінде ерекше назарға ілікті. Бұдан бөлек, екі ел көшбасшылары 2025 жылғы 30 қазанда Оңтүстік Кореяның Пусан қаласында өткен саммит аясында қайта жүздесті. Бұл – соңғы 6 жыл ішіндегі олардың алғашқы бетпе-бет кездесуі. Осы сапардан кейін АҚШ пен Қытай арасындағы текетірес сәл бәсеңдегендей көрінгенмен, Трамп әлемнің әр түкпірінде Қытай ықпалын тежеуге барын салды, яғни Вашингтонның Бейжің ықпалын шектеуге бағытталған стратегия ұстанымы қатаймаса, жұмсарған жоқ.
Панама каналы төңірегіндегі дау-дамай, Венесуэланың басшысын барымталап әкету мен Латын Америкасындағы ықпал үшін күрес – мұның бәрі АҚШ пен Қытай арасындағы жаһандық бәсекенің көрінісі ретінде бағаланып жүр. Тіпті Иран төңірегіндегі қақтығыстардың себебін суыртпақтасақ, оның да бір ұшы екі алпауыттың Таяу Шығыстағы стратегиялық мүдделер қақтығысына келіп тіреледі. Вашингтон аймақтағы әскери-саяси ықпалын сақтап қалуға тырысса, Бейжің энергетика қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, Иран арқылы өңірдегі экономикалық және саяси салмағын арттыруға ұмтылып отыр.
Reuters агенттігінің жазуынша, Трамп пен Си Цзиньпин Бейжіңдегі кездесу барысында Иран мен Тайвань төңірегіндегі жағдайды, жасанды интеллект (ЖИ) және ядролық қарулану мәселелерін талқылауды, сондай-ақ аса маңызды минералдар туралы келісімді ұзарту мүмкіндігін қарастыруды жоспарлап отыр. Бұл келіссөздер тек екі елдің қарым-қатынасына ғана емес, алдағы жылдардағы әлемдік геосаяси тепе-теңдікке де ықпал ететіні айдан анық.
Иран мәселесі және Қытайдың рөлі
Трамптың бұл жолғы сапары 31 наурыз-2 сәуір аралығына жоспарланған еді. Алайда Таяу Шығыстағы шиеленіске байланысты сапардың мерзімі кейінге шегерілді.
АҚШ Израильдің айтағымен Иранға соққы жасап, парсы әскерінің әуе және теңіз күштерін әлсіретіп, ядролық қару жасау мүмкіндігін шектеуге тырысқанмен, әскери қақтығыста көздеген стратегиялық мақсатына әлі толық жете алған жоқ. Керісінше, 2,5 айға созылған текетірес Таяу Шығыстағы тұрақтылықты әлсіретіп қана қоймай, әлемдік энергетика нарығына да ауыр соққы. Әсіресе Ормуз бұғазы арқылы тасымалданатын мұнай мен газ жеткізілімінің үзілуі жаһандық нарықта тапшылық туғызды.
АҚШ-тың «Қытаймен арадағы байланысты әлсіретіп, Вашингтонның талаптарына бейімдел» деген қысымына Иран үзілді-кесілді қарсы шығып, Қытайдан әскери және саяси қолдау алуға ұмтылды. Яғни Вашингтон Иранға қысым көрсету арқылы аймақтағы ықпалын сақтап қалуға тырысқанмен, бұл қадам Тегеранды Қытай мен Ресейге бұрынғыдан да жақындата түсті. Оның үстіне Иран экономикасына салынған Батыс санкцияларының қысымын жеңілдетуде Бейжің Тегеран үшін ең ірі сауда нарығы, инвестиция көзі және стратегиялық тірекке айналды. Міне, осындай жағдайда Вашингтон Бейжіңнің өңірдегі ықпалын ескеруге және Қытай факторымен санасуға мәжбүр болды.
Қақтығыс кезінде Батыс баспасөзі Қытайдың жасырын түрде Иранға әскери техника мен қосалқы жабдықтар жеткізгені, сондай-ақ барлау сипатындағы ақпараттармен бөліскені туралы мәліметтерді Иранға бергені жөнінде бірнеше рет хабар таратты. Қытай тарапы мұндай айыптауларды ресми түрде жоққа шығарып, Иранмен тек заңды экономика және дипломатия байланысы аясында жұмыс істеп отырғанын мәлімдегенмен, Вашингтон Бейжіңнің Тегеранмен әскери-техникалық ынтымақтастығына алаңдаушылық білдіріп келеді. Өйткені Иранның әскери әлеуетінің сақталуы АҚШ-тың Таяу Шығыстағы стратегиялық жоспарына тікелей әсер етеді. Екінші тұрғыдан алғанда, Қытай үшін Иран – тек энергетика серіктесі ғана емес, АҚШ ықпалын тежеуге мүмкіндік беретін маңызды геосаяси тірек. Сондықтан Таяу Шығыстағы кез келген ірі қақтығыстың астарында Вашингтон мен Бейжің арасындағы жаһандық бәсекенің көлеңкесі көлбеңдеп қатар жүреді.
Сауда соғысының салдары
Кездесудің екінші маңызды бағыты – АҚШ пен Қытай арасындағы сауда қатынасы. Соңғы жылдары екі держава арасындағы тариф соғысы әлемдік экономикаға айрықша әсер етіп, халықаралық жеткізу тізбегінің бұзылуына, өндіріс шығынының артуына және жаһандық нарықтағы тұрақсыздықтың күшеюіне себеп. Әсіресе жоғары технология, микрочип өндірісі, сирек минералдар мен энергетика саласындағы бәсекелестік екі ел арасындағы текетірестің негізгі өзегіне айналды. Жоғарыда атап өткеніміздей, Пусан қаласында өткен кездесуден кейін бұл «түтінсіз соғыс» біршама бәсеңдегендей әсер қалдырған. Екі тарап та экономикалық қысымның өздеріне ғана емес, әлемдік нарыққа да кері ықпалын түсіне бастағандай көрінді. Соның нәтижесінде Вашингтон мен Бейжің арасында сауда келіссөзін жандандыру, кейбір тарифті жеңілдету және стратегиялық тауарлар экспортына қатысты шектеулерді қайта қарау мәселелері талқылана бастады. Екі мемлекет өзара баж салығын 125 пайыздан 10 пайызға дейін төмендетуге келісті. Сонымен қатар Қытай америкалық ауыл шаруашылығы өнімдеріне салынған шектеулерді жұмсартып, сирек металдар экспортына қатысты тосқауылдарды алып тастады. Ал АҚШ кейбір кедендік шектеулерден бас тартты. Дегенмен екі ел арасындағы бәсекелестік уақытша саябырсығанмен, оның түпкі себебі жойылған жоқ. Өйткені бұл – тек экономикалық текетірес емес, әлемдік ықпал мен технологиялық үстемдік үшін жүріп жатқан ұзақмерзімді күрес.
Ескеретін тағы бір түйін, АҚШ үшін Қытай – ең ірі өндіріс базасы, ал Қытай үшін Америка – басты экспорт нарығының бірі. Сондықтан екі ел арасындағы саяси текетірес қанша күшейгенмен, экономикалық тәуелділік оларды ат кекілін шорт кесіп, бір-бірінен теріс айналып кетуге жібермей тұр. Мәселен, осы жолғы сапарда Трамппен бірге Илон Маск пен Тим Кук сияқты ірі бизнес өкілдерінің Бейжіңге баруы бұл кездесудің экономикалық салмағын арттыра түседі. Әсіресе Tesla мен Apple үшін Қытай нарығы аса маңызды. Tesla-ның ең ірі өндіріс алаңдарының бірі Қытайда орналасса, Apple өнімдерінің басым бөлігі де осы елде құрастырылады. Сондықтан бұл сапар АҚШ әкімшілігінің Қытаймен тек саяси диалогты ғана емес, технология, өндіріс және инвестиция байланысын сақтап қалуға мүдделі екенін аңғартады. Бұл арада Қытайдың сирек кездесетін металдарды маңызды геосаяси құрал ретінде пайдаланып отырғанын айта кеткен жөн. Қытай жоғары технологиялық өндіріске қажет сирек кездесетін металдардың шамамен 80 пайызын өндіреді. Бұл металдар микрочип, аккумулятор, электр көлігі, әскери техника, жасанды интеллект жүйелері мен жоғары технология өндірісінде шешуші рөл атқарады. Сондықтан Бейжің сирек металдар экспортын шектеу немесе бақылауды күшейту арқылы АҚШ пен Батыс елдеріне экономикалық қысым жасау тетігін қалыптастырып отыр. Әсіресе Вашингтон Қытайдың технологиялық ықпалын әлсіретуге бағытталған санкциялар мен шектеулерді күшейткен сайын Бейжің де жауап ретінде сирек минералдарды стратегиялық «козырь» ретінде пайдалануға көшті. Жапония мен АҚШ-тың Қазақстандағы сирек металдарға қызығушылық танытуы да Қытайдың осы саясатымен тікелей байланысты. Себебі Бейжіңнің сирек минералдарды геосаяси қысым құралы ретінде пайдалана бастауы Батыс елдері мен олардың серіктестерін балама шикізат көздерін іздеуге мәжбүр етті. Әсіресе литий, бериллий, тантал, сирек жер элементтері мен уран қоры Жапония, АҚШ және Еуропа елдерінің назарын Қазақстанға бұрды. Мәселен, Қазақстан делегациясы былтыр қарашада Вашингтонда өткен C5+1 саммиті кезінде елде 2,6 миллион тонна сирек металдар қоры бар екенін мәлімдеп, АҚШ-пен бірқатар үкіметаралық және коммерциялық меморандумдарға қол қойған еді. Соның бірі – америкалық Cove Capital мен қазақстандық «Тау-кен Самұрық» ұлттық компаниясы арасындағы келісім. Reuters агенттігінің мәліметінше, жобаға жалпы көлемі 1,1 миллиард доллар инвестиция тарту жоспарланған. Оның 900 миллион долларын АҚШ үкіметіне қарасты Экспорт-импорт банкі қаржыландырмақ. Бұл – Вашингтонның Қытайға тәуелділікті азайту үшін Орталық Азиядағы стратегиялық ресурстарға айрықша мән бере бастағанының айқын көрінісі.
Тайвань төңірегіндегі түйткіл
Екі ел арасындағы ең күрделі тақырыптың бірі Тайвань мәселесі болып қала береді. АҚШ-тың Тайваньға қару сатуы Бейжіңнің қатаң наразылығын туғызуда. Мәселен, өткен жылдың соңында Вашингтон Тайваньға арналған ең ірі қару-жарақ келісімін мақұлдады. Атап айтқанда, Трамп әкімшілігі Тайваньға 11,1 миллиард долларға бағаланған ірі қару-жарақ келісімін мақұлдады. Жеткізілімдер тізіміне HIMARS зымыран жүйелері, Javelin танкке қарсы зымыран жүйелері, Altius дрондары, гаубицалар, сондай-ақ басқа да қару-жарақтарға арналған компоненттер мен жабдықтар кіреді. Тайвань Сыртқы істер министрлігі бұл Дональд Трамптың екінші мерзімі басталғаннан бергі екінші қару-жарақ келісімі екенін атап өтті. Арал билігі мұны Вашингтонның Тайваньның қауіпсіздік мәселелеріне қатысты берік ұстанымын растау ретінде қарастырады. Ал Қытай Сыртқы істер министрлігі мұны Бейжің мен Вашингтон арасындағы дипломатия келісімін бұзады деп бағалады.
Қытай Тайваньды өзінің бір бөлігі санайды және қажет жағдайда күш қолдануға дайын екенін бірнеше рет мәлімдеген. Вашингтон «Бір Қытай» саясатын ресми мойындағанмен, Тайваньның қауіпсіздігін қолдауды жалғастырып келеді. Сондықтан бұл мәселе Дональд Трамп пен Си Цзиньпин келіссөздерінің ең шиеленісті бөлігі болуы ықтимал. Дейтұрғанмен Тайвань тарапы Трамп Қытаймен мәміле жасау барысында арал мүддесін екінші кезекке ысырып жіберуі мүмкін деген қауіптен де ада емес. Әсіресе Трамптың сыртқы саясатта экономикалық пайда мен ірі келісімдерге басымдық беретін прагматикалық ұстанымы Тайбэйде алаңдаушылық туғызды. Сарапшылар арасында да егер Вашингтон Бейжіңмен сауда соғысын бәсеңдету немесе сирек металдар, технология және өндіріс мәселелерінде тиімді келісімге қол жеткізуге ұмтылса, онда Тайвань мәселесі белгілі бір деңгейде саяси сауданың құралына айналуы мүмкін деген күдік бар. Бір қызығы, Трамп Қытайға аттанып бара жатып, Иранмен арадағы қақтығысты шешуде Қытайдың көмегіне сенбейтінін, ал Украинадағы соғыс таяуда аяқталады деп мәлімдеді.
Қысқасы, Трамптың Қытайға сапары – жай ғана дипломатиялық кездесу емес. Бұл – әлемдегі екі ірі державаның қазіргі халықаралық тәртіпті қайта айқындауға бағытталған саяси диалогы. Шығыс Еуропадағы шиеленіс, Иран дағдарысы, сауда соғысы, Тайвань мәселесі және адам құқығы тақырыптары осы кездесудің аясында тоғысып отыр. Егер тараптар ортақ мәмілеге келе алса, бұл жаһандық экономика мен халықаралық қауіпсіздікке оң әсер етуі мүмкін. Ал керісінше жағдайда АҚШ пен Қытай арасындағы текетірес жаңа кезеңге өтуі ықтимал. Сондықтан Бейжіңдегі бұл кездесу әлем саясатындағы шешуші сәттердің бірі ретінде тарихта қалуы ғажап емес. Бірақ бір мәселе анық: кездесу барысында қандай келелі келісімдер жасалса да, АҚШ-тың Қытай ықпалын тежеуге бағытталған стратегиялық саясаты түбегейлі өзгермейді. Вашингтон Бейжіңмен экономикалық байланыстарды сақтауға мүдделі болғанмен, Қытайдың технологиялық, әскери және геосаяси ықпалының шамадан тыс күшеюін өзінің жаһандық көшбасшылығына төнген басты қатердің бірі ретінде қарастырады. Демек, Д.Трамп пен С.Цзиньпин кездесуі екі ел арасындағы текетіресті уақытша бәсеңдетуі мүмкін болғанмен, АҚШ пен Қытай арасындағы жаһандық бәсекелестіктің түпкі сипатын өзгерте қоюы екіталай.
Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ



