Басты ақпаратСараптама

Су енді су тегін емес

Қазақстанда су ресурстары тапшылығы алдағы жылдары елдің тұрақты дамуына елеулі сын-қатер төндіруі мүмкін. Үкімет бекіткен 2024-2030 жылдарға арналған Су ресурстарын басқару жүйесін дамыту тұжырымдамасына сәйкес, климаттың өзгеруі, трансшекаралық су көздеріне тәуелділік және су тұтынудың артуы жағдайында су тапшылығы тәуекелі күшейе түспек. Мамандардың болжауынша, көршілес елдерден келетін су көлемі азайып, бұл жалпы су ресурстарының төмендеуіне әкелмек. Осыған байланысты елімізде су қауіпсіздігін қамтамасыз ету және тапшылықтың алдын алу мемлекеттік деңгейдегі маңызды міндеттердің біріне айналып отыр.

Бір литр бензиннен бір литр су қымбат

Біз көбіне мұнайды ең бағалы ресурс ретінде қабылдаймыз, алайда тіршілік үшін ең қажетті байлық – су ғой. Қазір қарап отырсаңыз, су тапшылығы соншалықты қатты сезіліп жатпағанымен бәрібір су қымбаттап жатқан сияқты. Өйткені дүкен сөрелеріндегі бір литр ауыз судың бағасы бір литр бензиннен қымбат. Мәселен, бір литр бензин шамамен 230 теңге тұрса, бір литр бөтелкедегі ауыз су 250-400 теңге аралығында сатылады. Газдалса, тіпті қымбат. Бұл – су ресурсының өмірлік маңызын көрсететін нақты мысал.

Оны шешудің жолы қандай?

Сондықтан суды үнемді пайдалану мен оны қорғаудың тиімді жолдарын кешенді түрде қарастыру керек. Әрине, мемлекет бұл бағытта нақты әрі жүйелі қадамдарға көшуде. Елдің су қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын кешенді жоспарлар қабылданып, су саласын дамытуға арналған стратегиялық құжаттар бекітілген. Атап айтқанда, су ресурстарын тиімді басқарудың негізгі бағыттарын айқындайтын екі маңызды құжат қабылданған. Оның бірі – 2024-2030 жылдарға арналған Су ресурстарын басқару жүйесін дамыту тұжырымдамасы, екіншісі – 2024-2028 жылдарға арналған Су саласын дамытудың кешенді жоспары. Бұл құжаттар су тапшылығы қаупін азайту, су инфрақұрылымын жаңғырту және ресурстарды тиімді пайдалану міндеттерін қамтиды. Міне, осы жоспарлар аясында еліміздің су шаруашылығы жүйесін түбегейлі жаңғырту көзделіп отыр.

«Республика бойынша 42 жаңа су қоймасы салынады. Бұл нысандар еріген және тасқын суларын жинауға мүмкіндік беріп, су тапшылығы тәуекелін азайтады. Сонымен қатар 37 гидротехникалық құрылыс қайта жаңғыртылады. Бұл қолданыстағы су нысандарының қауіпсіздігін арттырып қана қоймай, олардың жұмыс тиімділігін де едәуір жақсартады» дейді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Министрдің айтуынша, бұдан бөлек, суармалы жерлерді сумен тұрақты қамтамасыз ету үшін ирригациялық жүйелерді дамытуға ерекше мән беріліп отыр.

«Жалпы ұзындығы шамамен 14 мың шақырым ирригациялық канал салынып, қайта жаңғыртылады. Мұның нәтижесінде ауыл шаруашылығы алқаптарын сумен қамту жақсарып, су ысырабы азаяды. Сонымен қатар су үнемдеу технологияларын енгізу ауқымы кеңейтіледі. Жыл сайын кемінде 150 мың гектар суармалы жерге заманауи су үнемдеу әдістері енгізіліп отырады. Міне, осылайша жоспарланған жобаларды іске асыру арқылы 2,6 миллиард текше метр еріген және тасқын суды қосымша жинақтауға мүмкіндік туады. Бұдан бөлек, 2,2 миллиард текше метрге дейін су үнемделеді. Сондай-ақ еліміздің көршілес мемлекеттердің су ресурстарына тәуелділігі 15 пайызға төмендейді. Ал ирригациялық каналдардағы су шығыны қазіргі 50 пайыздан 25 пайызға дейін азаяды» дейді министр.

Демек, су тапшылығы мәселесін шешу жолында нақты жоспар мен жүйелі жұмыс бар деген сөз.

Ауыл шаруашылығы ауыз суға ортақ емес пе?

Бүгінде ауыл шаруашылығы – су ресурстарын ең көп тұтынатын салалардың бірі. Сондықтан бұл бағытта суды тиімді пайдалану мен су үнемдеу технологияларын енгізу мемлекеттік саясаттың маңызды бөлігі болуы тиіс. Қазіргі таңда Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, елімізде су ресурстарын басқарудың жаңа моделін қалыптастыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Бұл бағыттағы негізгі басымдықтар Президенттің 2023 жылғы Жолдауында айқындалып, су саласын дамытудың ұзақмерзімді тұжырымдамасы мен кешенді жоспарлар арқылы бекітілді. Сондықтан да қазіргі таңда суармалы егіншілікте заманауи су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізуге ерекше назар аударылуда. Бұл тек су тапшылығын азайту үшін ғана емес, ауыл шаруашылығының өнімділігін арттырып, саланың тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін де маңызды.

 «Қазіргі таңда ауыл шаруашылығы елдегі жалпы су тұтынудың шамамен 65 пайызын пайдаланып отыр. Сондықтан бұл салада су үнемдеу технологияларын енгізу – аса маңызды міндеттердің бірі. Осы бағытта фермерлерге көрсетілетін мемлекеттік қолдау көлемі едәуір ұлғайтылды. Атап айтқанда, су үнемдеу технологияларын сатып алу мен орнатуға, сондай-ақ қажетті инфрақұрылым тартуға кеткен шығындарды өтеу үлесі 50 пайыздан 80 пайызға дейін арттырылды. Сонымен қатар суармалы су қызметтеріне берілетін субсидия көлемі де сараланды: су үнемдеу технологияларын қолданатын шаруалар үшін бұл көрсеткіш 60 пайыздан 85 пайызға дейін көбейтілді. Ал мұндай технологияларды пайдаланбайтындар үшін субсидия көлемі кезең-кезеңімен қысқарады. Егер бұған дейін су үнемдеу технологиялары жылына 30-35 мың гектар алқапқа ғана енгізілсе, соңғы екі жылда бұл көрсеткіш 150 мың гектарға дейін жетті. 2025 жылдың қорытындысында мұндай технологиялар енгізілген егіс көлемі 543,5 мың гектарды құрап, соның нәтижесінде 874 миллион текше метр су үнемделді. Ал 2030 жылға қарай су үнемдеу технологиялары енгізілген алқап көлемін 1,3 миллион гектарға жеткізу жоспарланып отыр. Бұл шамамен 2,2 миллиард текше метр су үнемдеуге, яғни суару суының шығынын 30 пайызға дейін қысқартуға мүмкіндік береді» дейді Нұржан Молдиярұлы.

Ал, Астана су арнасының мәліметінше 2026 жылдың 1 қаңтары мен 31 наурызы аралығында тұрғындар үшін ауыз суды магистральді құбыр жолдары және таратушы желілер арқылы беру тарифі ҚҚС-сыз 79,77 теңге, ал ҚҚС-пен 92,53 теңге көлемінде белгіленді. 2026 жылдың 1 сәуірінен 31 желтоқсанына дейін бұл тариф ҚҚС-сыз 102,90 теңгеге, ҚҚС-пен 119,36 теңгеге дейін өседі. Жылу энергиясын өндіру, беру және бөлу қызметтерін көрсететін кәсіпорындар үшін ауыз су тарифі жылдың алғашқы тоқсанында ҚҚС-пен 300,23 теңге болса, сәуір айынан бастап 356,44 теңгені құрайды. Бюджеттік ұйымдар мен өзге де заңды тұлғалар үшін ауыз су тарифі алғашқы кезеңде ҚҚС-пен 415,32 теңге, кейін 493,13 теңге болып белгіленген. Су бұру және сарқынды суларды тазарту қызметтері бойынша тұрғындар үшін тариф 2026 жылдың алғашқы үш айында ҚҚС-пен 98,77 теңге болса, 1 сәуірден бастап 127,41 теңгеге дейін өзгереді. Жылу энергиясы саласындағы кәсіпорындар үшін бұл көрсеткіш 361,72 теңгеден 489,10 теңгеге дейін өседі. Ал бюджеттік ұйымдар мен өзге заңды тұлғалар үшін су бұру қызметінің тарифі ҚҚС-пен 464,84 теңгеден 628,55 теңгеге дейін белгіленген. Сонымен қатар техникалық суды магистральді құбыр жолдары арқылы беру тарифі 2026 жылдың 1 қаңтары мен 31 наурызы аралығында ҚҚС-пен 61,98 теңгені құраса, 1 сәуірден бастап 57,99 теңге көлемінде бекітілген.

  «2026-2028 жылдары су үнемдеу технологияларын енгізуге жұмсалатын инвестициялық шығындарды субсидиялауға 214,6 миллиард теңге қарастырылды. Бұл алдыңғы кезеңмен салыстырғанда төрт есе көп. Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге су беру қызметтерінің құнын субсидиялауға 13,5 миллиард теңге бөлінеді. Мұның барлығы су ресурстарын ұтымды пайдалану мен аграрлық сектордың тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған» дейді министр.

Су құбырларының жағдайы қалай?

Біз суды үнемдейміз деп қанша жерден ұрандатқанымызбен, оны пайдалану тетіктерін жаңартпасақ, су құбырларын жаңғыртпасақ оған бөлінген ақша да, айтылған сөз де бәрі бекер болмақ. Сондықтан ең бірінші су құбырларының жағдайын жан-жақты қарау керек. Бүгінде Қазақстан бойынша мыңдаған шақырымға созылатын суару арналары жұмыс істегенімен, олардың басым бөлігі әбден тозған. Көптеген каналдар ондаған жыл бойы күрделі жөндеусіз пайдаланылып келгендіктен, техникалық жағдайы нашарлап, су тасымалдау кезінде айтарлықтай шығынға жол берілуде. Бұл, әсіресе, су тапшылығы қаупі күшейіп отырған кезеңде аса өзекті мәселе ғой.

Осыған байланысты мемлекет су шығынын азайту және суару жүйелерінің тиімділігін арттыру мақсатында 2024-2028 жылдарға арналған су шаруашылығы саласын дамытудың кешенді жоспары бекітіліп, каналдарды кезең-кезеңімен реконструкциялау жұмыстары қолға алынған.

«Бүгінде елімізде жалпы ұзындығы 45 мың шақырымнан асатын 8577 суару каналы бар. Соның шамамен 80 пайызы жер арнада орналасқан, тек 20 пайызы ғана бетонмен қапталған. Өкінішке қарай, каналдардың 60-70 пайыздан астамы 40-50 жылдан бері күрделі жөндеуден өтпеген. Соның салдарынан олардың техникалық жағдайы қанағаттанарлықсыз деңгейге жетіп, су тасымалдау кезіндегі шығын көлемі 50 пайызға дейін жетіп отыр» деді министр.

Оның сөзінше, 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспар аясында 2028 жылға дейін 14,4 мың шақырым канал қайта жаңғыртылып, су шығынын 50 пайыздан 35 пайызға дейін төмендету көзделіп отыр. Бұл жұмыстар республикалық және жергілікті бюджеттер, сондай-ақ халықаралық қаржы ұйымдарының қаражаты есебінен жүргізілуде екен. Ал 2021-2024 жылдар аралығында жалпы ұзындығы 5406 шақырым болатын 884 каналға күрделі жөндеу мен реконструкция жүргізілген. Ал 2025 жылы халықаралық қаржы институттарының несиелері мен республикалық бюджет қаражаты есебінен тағы 680 шақырым канал жаңғыртылған. Бұдан бөлек, Жоспарға сәйкес, келесі жылы жалпы ұзындығы 913,6 шақырым каналға реконструкция жұмыстары жүргізіледі. Оның ішінде халықаралық қаржы ұйымдарының жобалары, республикалық бюджет, инвестициялық бағдарламалар және «Қазсушар» кәсіпорнының тарифтік қаражаты арқылы бірнеше жүз шақырым суару арналары кезең-кезеңімен жаңартылмақ.

Құбыр жөнделді деп тариф өспей ме?

Осы орайда, диқандар арасында «жүргізіліп жатқан жаңғырту жұмыстары суармалы су тарифінің өсуіне әкелмей ме?» деген сұрақ туындайтыны заңды. Министрлікте инфрақұрылымды жаңарту шығындары тарифке белгілі бір деңгейде әсер етуі мүмкін екенін жасырмайды. Алайда бұл өзгерістер бақылаусыз жүргізілмейді деп сендіреді.

«Негізгі мақсат – суармалы су қызметінің сапасын арттыра отырып, тарифтің экономикалық негізді болуын қамтамасыз ету. Яғни, тарифтің өсуі тек нақты қажеттілікке және есепке сүйеніп жүзеге асады. Өңірлер арасындағы тариф айырмашылығы бірнеше объективті факторға байланысты қалыптасады. Атап айтқанда, су тұтыну көлемі, шаруалар саны, ирригациялық желілердің ұзындығы, кәсіпорындардың қызмет көрсету шығындары, активтердің құрылымы және инвестициялық бағдарламалардың көлемі тарифке тікелей әсер етеді. Сондықтан әр өңірдегі тариф деңгейі сол аймақтың нақты жағдайына байланысты жеке бекітіледі» деп отыр олар.

Жалпы, 2030 жылға дейін су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың тұжырымдамасына сәйкес 42 жаңа су қоймасы салынбақ. Осы уақыт арылығында 37 су қоймасын реконструкциялау, 14,5 мың км каналдарды жаңғырту, сондай-ақ 557 гидротехникалық құрылысты көпфакторлы тексеруден өткізу көзделген. Қаржыландыруды Ислам даму банкі, Азия даму банкі, Халықаралық қайта құру және даму банкі және нысаналы трансферттер есебінен тарту жоспарланған.

Шапағат ӘБДІР

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button