Елорда тынысы

Елорданы басқарудың жаңа моделі

Бас қаланы басқарудың жаңа моделіне көшу бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Астана қалалық цифрландыру және мемлекеттік қызметтер басқармасы басшысының орынбасары Бексұлтан Қуандық айтты.

– Астана бүгінде жоғары қарқынмен дамып келеді. Қаланың өсуімен бірге жолдарға, коммуналдық және инженерлік инфрақұрылымға түсетін жүктеме артып, тұрғындардың қауіпсіздікке, қызметтердің жедел әрекет етуіне және қалалық ортаның сапасына қоятын талаптары да күшейіп отыр. Осыған байланысты біз елорданы басқарудың жаңа моделіне көшу бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп келеміз. Бұл – деректерге, талдауға және жасанды интеллект технологияларына негізделген басқару моделі. Биыл сәуір айында Мемлекет басшысының қатысуымен «Astana Smart City» стратегиялық жобасы іске қосылды. Біз үшін бұл – елорданың цифрлық дамуы жолындағы маңызды кезең және қауіпсіз, технологиялық әрі тұрғындарға қолайлы қала қалыптастыруға бағытталған нақты қадам, – деді ол Астана қаласының коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде.

Оның айтуынша, жоба мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында Астана қаласының әкімдігі, G42 халықаралық холдингінің құрамына кіретін Presight AI компаниясы және «Астана Innovations» АҚ-ның қатысуымен бірлесіп іске асырылып жатыр. Жобаның негізгі мақсаты – қаланың негізгі жүйелерін бірыңғай интеллектуалды платформаға біріктіру арқылы елордадағы қоғамдық және жол қауіпсіздігін арттыру. Мұндай экожүйе қаладағы жағдайды нақты уақыт режимінде бақылауға, деректерді талдауға, оқиғаларға жедел ден қоюға және анағұрлым нақты басқарушылық шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді. Жоба аясында бірнеше негізгі бағыт бойынша цифрлық архитектура қалыптастырылды.

– Бірінші бағыт – заманауи деректер инфрақұрылымы. Қала қажеттілігі үшін 100 серверлік тірекке есептелген егеменді Деректерді өңдеу орталығы құрылды. Ол цифрлық жүйелердің тұрақты жұмысын, үлкен көлемдегі ақпаратты сенімді сақтау мен өңдеуді қамтамасыз етеді, сондай-ақ жасанды интеллект негізіндегі шешімдерді енгізу үшін технологиялық негіз қалыптастырады. Екінші бағыт – бейнебақылау және аналитика жүйесін интеграциялау. Бүгінде жасанды интеллект элементтері бар 60 мыңнан астам қалалық камера бірыңғай цифрлық контурға біріктірілді. Жүйе өрт пен түтінді, қалдырылған заттарды, төбелесті, агрессивті мінез-құлықты, қоғамдық тәртіпті бұзу фактілерін және басқа да оқиғаларды анықтауды қоса алғанда, 35-тен астам жағдайлық аналитика түрін қолдайды, – деді басқарма басшысының орынбасары.

Бексұлтан Қуандықтың атап өтуінше, жол қауіпсіздігі – жобаның жеке маңызды бағыты. Елорда жолдарында 1 200-ден астам аппараттық-бағдарламалық кешен орнатылған. Олар қауіпсіздік белдігін тақпау, көлік жүргізу кезінде ұялы телефон пайдалану, жаяу жүргіншіге жол бермеу және басқа да құқық бұзушылықтарды қоса алғанда, 15-тен астам жол қозғалысы ережесін бұзу түрін тіркейді.

– Біздің ұстанымымыз бойынша, мұндай технологиялар ең алдымен құқық бұзушылықтардың алдын алуға, жолдағы тәртіпті күшейтуге және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қызмет етуі тиіс. Жобаның негізгі элементі – Ахуалдық орталық. Ол қалалық жүйелердің деректерін нақты уақыт режимінде біріктіріп, коммуналдық, шұғыл және басқа да қызметтерінің жұмысын үйлестіруді қамтамасыз етеді, – деді ол.

Басқарма басшысы орынбасарының мәліметінше, платформа ағымдағы жағдайды тіркеуге, оның даму барысын болжауға және басқарушылық шешімдер қабылдау үшін ұсынымдар қалыптастыруға мүмкіндік береді. Жол-көлік оқиғасы, өрт, қоғамдық тәртіпті бұзу немесе басқа да оқиға анықталған жағдайда, ақпарат тиісті қызметтерге жедел жолданады. Бұл ден қою уақытын қысқартып, адами фактордың әсерін азайтады.

– Осылайша, біз реактивті басқарудан проактивті басқаруға кезең-кезеңімен көшіп келеміз. Қалалық қызметтер енді болған оқиғаларға ғана әрекет етіп қоймай, тәуекелдерді алдын ала анықтауға, оқиғалардың алдын алуға және объективті деректер негізінде шешім қабылдауға мүмкіндік алады. Тұрғындар үшін бұл – қауіпсіз қалалық орта, қызметтердің жедел жұмысы, көлік және коммуналдық процестер сапасының артуы, сондай-ақ қалалық инфрақұрылымды тиімді басқару деген сөз. Алдағы уақытта платформаның функционалын кеңейту, қалалық жүйелерді интеграциялау, бейнеаналитиканы дамыту және қызметтер арасындағы өзара іс-қимыл тиімділігін арттыру жұмыстары жалғасатын болады, – деді Бексұлтан Қуандық.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button