Астана ажарын айшықтаған

Бұл апта елорда өмірінде, жалпы ел тарихында бұрын-соңды болмаған елеулі оқиғамен айшықталмақ. Көптен асыға күткен алып құрылыс LRT желісі осы сенбі толық пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Осыған орай сәрсенбінің сәтінде аталған нысанға жауапты «City Transportation Systems» ЖШС қала әкімдігінің қолдауыен Астана мен еліміздің, тіпті шетелдік БАҚ өкілдеріне арнап баспасөз турын өткізді. Қала келбетін көркейтіп, туристер үшін тартымды ете түсетін жеңіл рельстегі көлік желісінің қозғалысын, ішкі көрінісін тамашалаған журналистер жаңа нысанның жағдайы, көрсетілетін қызметтер туралы жер-жаһанға жаппай хабар таратты.
Тур барысы
Журналистер LRT желісінің негізгі стансаларында болып, Бірыңғай диспетчерлік орталықтың жұмысымен, сондай-ақ жолаушылардың турникеттен өтіп, билетті қалай алатынынан бастап, вагондарға отырғанға дейінгі барлық процестерімен жеке-жеке танысты. Олар жол жүру барысында автоматтандырылған жүйелердің жұмысы мен тосын жағдайда операторлардың қалай әрекет ететіні жайлы мәлімет алды. Баспасөз турында «City Transportation Systems» ЖШС басқарма төрағасы Асылбек Дүйсебаев LRT жүйесінің барлық кезеңі сынақтан сәтті өткенін мәлімдеді.

Заманауи стандарттарға сәйкес келеді
LRT – қаланың көлік инфрақұрылымын дамыту және жолаушылар тасымалының сапасын арттыру мақсатында Астанада іске асырылған жеңіл рельсті көліктің заманауи жүйесі. Жаңа қоғамдық көлік елордадағы жол қозғалысы жүктемесін азайтып, қатынасты жеделдетпек. Жүйе халықаралық қауіпсіздіктің, тұрақтылық және жайлылықтың заманауи стандарттарына сәйкес келеді. Желі құрылысы жолдармен және жаяу жүргіншілер ағынымен қиылыспай, пойыздардың оқшауланған қозғалысын қамтамасыз ететін эстакадалық, яғни жер үсті құрылым ретінде жүзеге асырылды.
Ұзындығы 22,4 км-ді құрайтын LRT желісінде 15 пойыз құрамы қатынайды, қалған 4 құрам резервте. Жоба аясында 18 станса мен заманауи депо салынған. Маршруттың бір шетінен екінші шетіне дейінгі жол шамамен 40 минутты алады. Пойыздардың орташа қозғалыс жылдамдығы сағатына 50-60 км-ді, ал ең жоғары жылдамдығы 80 км-ді құрайды. Қозғалыс интервалы – 5-6 минут. LRT пойыздары барынша тыныш әрі дірілсіз қозғалады. Мұны біртұтас рельстер, жоғары деңгейде оқшауланған вагондар мен арнайы резеңкелі доңғалақтар қамтамасыз етеді.
LRT құрамының әрқайсысы 600-ден астам жолаушыны тасымалдауға арналған. Пойыздар жүргізушісіз режимде қатынайды, басқару, жылдамдықты арттыру, тежеу және есіктерді ашу процестері, сондай-ақ төтенше жағдайдағы іс-әрекеттер толықтай автоматтандырылған. Жүйені қосымша бақылау үшін қолмен басқару әрі диспетчермен байланыс жасау мүмкіндігі қарастырылған. LRT бағыты Н.Назарбаев халықаралық әуежайы, Қабанбай батыр даңғылы, «Астана жұлдызы» стелласы, «Mega Silk Way» СОО, Ботаникалық бақ, «Абу Даби Плаза» КФК, Министрліктер үйі, Арыс көпірі, Қалдаяқов көшесі, Ұлттық музей, «Нұрлы жол» теміржол вокзалы сияқты Астана қаласының негізгі көшелері мен аудандары бойынша өтеді.
Елордалықтар LRT арқылы таңғы 06:00-ден кешкі 23:00-ге дейін қатынай алады. Жолақысы – 200 теңге, 7-18 жас аралығындағы оқушылардың, сондай-ақ жеңілдікті санаттарға жататын, Астана қаласында тіркелген және тұрақты тұратын азаматтардың тегін жүруге құқығы бар. Атаулы LRT көлік картасын ресімдеу бағасы – 1200 теңге. Жол ақысын банк және көлік картасы, QR, Apple Pay, Samsung Pay немесе Face Pay жүйесі арқылы кез келген ыңғайлы тәсілмен төлеуге болады. Сонымен қатар билеттер кассалар мен автоматтарда қолма-қол ақшаға да сатылады. Алғашқы кезеңде LRT төлем жүйесі автономды түрде жұмыс істейді, кейін ол қалалық автобустардың бірыңғай төлем жүйесімен біріктіріледі.

Стансаларда қауіпсіздік деңгейі жоғары
Желі бойындағы стансалардың екі түрі бар. Бірінші, жердегі стансалар, олардың саны – 11, бұған Әуежай, Атамекен, Есіл, Мәңгілік ел, Астана Жұлдыз, Нұра, Университет, Ұлы дала, Астана-Арена, Жекпе-жек сарайы, Сығанақ стансалары жатады. Екіншісі, жер үсті стансалары, саны – 7, оған Бәйтерек, Министрліктер үйі, Ұлттық мұражай, Театр, Мыңжылдық аллеясы, Жібек жолы, Нұрлы жол стансалары жатады. Барлық стансалар қауіпсіздік пен қолжетімділік талаптарын ескере отырып салынған. Стансаларда автоматтандырылған жүйелерді, күту залдарын, санитариялық-гигиеналық тораптарды, сондай-ақ адамдардың қауіпті учаскелерге шығуына жол бермейтін жүйелерді қоса алғанда, билеттерді сатып алуға арналған аймақтар бар. Екінші қабатқа көтерілу үшін эскалаторлар, сондай-ақ мобильділігі төмен азаматтар үшін лифттер де жұмыс істейді. Мамандардың айтуынша, LRT жүйесі – Астана климатына, әсіресе, өте төмен температураларға бейімделген заманауи әрі қауіпсіз көлік. Жоба GoA4 (Grade of Automation 4) технологиясына негізделген. Бұл – халықаралық жіктеу бойынша автоматтандырудың ең жоғары, төртінші деңгейі, ол жүйенің сенімді түрде жұмыс істеуін қамтамасыз етеді.

Вагондар толық автоматтандырылған
Жылжымалы құрамдар ұзындығы – 60 м, биіктігі – 3,8 м, ені – 2,8 м. Олар толығымен автоматты режимде, пилотсыз жұмыс істейді. Өндіріс процесінде алюминий қорытпасы, серпімді доңғалақтар, көп қабатты терезелер, жоғары беріктігі бар органосиликатты былғары орындықтар сияқты заманауи материалдар және басқа да интерьер материалдары қолданылған. Құрамдар заманауи ақпараттандыру жүйелерімен жабдықталған.
– Жоба құны 2016 жылы бекітілді. 1,8 миллиард АҚШ долларын құрайды. Осы уақытқа дейін бұл сома өзгерген жоқ. Сонымен қатар техникалық сипаттамасы жасақталып, пойыздардың моделі мен дизайны өзгертілді. LRT жүйесі бойынша абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Шу деңгейін төмендету үшін вагондардың қабырғаларын қалыңдаттық. Сонымен қатар жеңіл рельсті құрылым пайдаланылды. Жақын орналасқан тұрғын үйлерге вибрациялық әсері болмайды, – дейді Асылбек Дүйсебаев.
Вагондардағы орындықтар ұлттық бірегейлік пен елорданың заманауи келбетімен астасып, көк және қызғылт сары түске боялған. Қаптау үшін жоғары беріктігі бар органосиликатты былғары материалдар қолданылады. Отыратын орындар саны – 148. Салонда құлақтандыру жүйесінің дауыс зорайтқыштары, авариялық дабыл қосқышы және өрт сөндіргіштер қажетті көлемде қойылған. Әрбір пойызда мүгедектер арбасын орналастыруға арналған орындар, сондай-ақ мүгедектер арбасындағы жолаушыны ұстап алуға арналған құрылғылар орнатылған.
LRT депосы Халықаралық әуежай ауданында 16,84 га аумақта орналасқан. Депо ғимараттарының жалпы ауданы шамамен 80 мың м² құрайды, онда жылжымалы құрамға толыққанды техникалық қызмет көрсету және жөндеу үшін барлық қажетті объектілер бар. Сондай-ақ депо аумағында пилотсыз пойыздарды басқару орталығы – Бірыңғай диспетчерлік орталық құрылды.

Кадр қалай таңдалды?
LRT жүйесінде 1000-нан астам адам жұмыс істейді, оның 300-ге жуығы – шетелдік маман. Бүгінгі таңда 500-дей қызметкер оқудан өтті. Олардың қатарында пойыз операторлары, диспетчерлер, техникалық қызметкерлер бар. Биылдан бастап Астанада болашақ мамандар дайындалады. Нәтижесінде шетелдік қызметкерлер саны жыл сайын азая береді. Әр вагонда 2 оператор, стансаларда кезекшілер мен кассирлер жұмыс істейді.
– Басты міндетіміз – жол ережелерін сақтап, жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Бұл да метроның ережелерімен бірдей. Есіктер жабылатын кезде ескерту дабылы қағылады. Сол уақытқа дейін ішке кіріп үлгеруі керек және тоқтаған кезде де дыбыс берілгенде шығып үлгеруі тиіс, – дейді LRT жеңіл көлік рельсінің операторы Айдар Надырбеков,
Қызметкерлер формасының дизайнын әзірлеу кезінде жобаның дизайн-коды, стансалардың архитектурасы, ішкі және сыртқы әрлеу элементтері, пойыздар мен автобустарды безендіруде қолданылатын қолтаңба үлгілері мен әшекейлері ескерілді. Бұл жүйенің біртұтас визуалды стилін сақтауға және форманың көлік саласына жататындығын баса көрсетуге мүмкіндік берді.
– Мамандар рельстер, стансалар, жылжымалы құрам, байланыс желілері, басқару және қауіпсіздік жүйелерінің жұмысын тексерді. Сондай-ақ қалыптан тыс жағдайда көрсетілетін іс-әрекеттер де толықтай пысықталып, жолаушылар қауіпсіздігін барынша қамтамасыз етеді. Қазір эстакада бойында абаттандыру жұмыстары жүріп жатыр, депода техникалық жұмыстар аяқталуға жақын, ал стансалардың іші жаппай тазалануда. Бұл шаралар жүйені іске қосу мерзіміне әсер етпейді. Жақын арада желіде сырлау жұмыстары аяқталады. Инфрақұрылым толықтай дайын. Эстакаданың дренаж жүйесі іске қосылған, ал қыс мезгілінде жүйенің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету үшін арнайы қар тазалау техникасы пайдаланылады, – деп атап өтті А.Дүйсебаев.
Жоба аясында Есіл өзені арқылы аспалы көпір салынды. Болашақта желіні қала маңындағы Қосшыға дейін, сонымен қатар Астана-1 вокзалына дейін және бір тарабын Жағалау тұрғын үй кешендеріне дейін ұзарту жоспарлануда. Жобаның екінші кезеңіне дайындық басталып та кетті, жақында эстакаданың жаңа учаскесі үшін алғашқы темірбетон арқалығы құйылды. Әзірге дайын болған негізгі LRT осы апта 16-17 мамырда іске қосылып, елордалықтардың көзайымына айналмақ.
Райхан Рахметова


