Астанада Museum Night акциясы биыл да жалғасын табады

Кештің ең ерекше сәттерінің бірі – өнер мен жасанды интеллект үйлескен шоу болмақ. Скрипкашы Назым Мұстафина сахнада өнер көрсетсе, оған гуманоид-робот пен робот-ит сүйемел болады. Бұл көрініс көрермендерге болашақ технологиясының мүмкіндігін паш етеді.
Сонымен қатар танымал тұлғалардың қатысуымен өтетін «Жұлдызды гид» жобасы, авторлық экскурсиялар мен «Музейдегі түн» квест-ойыны кештің сәнін арттырмақ.
Мәдени бағдарлама Наз мемлекеттік би театры, Қазақ ұлттық хореография академиясы және Қазақ ұлттық өнер университеті өнерпаздарының жарқын қойылымдарымен жалғасады. Ал кеш соңында ұлттық әуендер мен заманауи ритмдерді біріктірген DJ-сет ұйымдастырылады.
Сондай-ақ қонақтар қолөнершілер жәрмеңкесін аралап, зергерлік бұйымдар, керамика, киіз және кілем жасау бойынша шеберлік сабақтарына қатыса алады.
Бұл түні музей залдары да ерекше көрмелерге толы болады. Олардың қатарында Аңсаған Мұстафаның «Сөйле, сурет» көрмесі, «Орталық Азия тағамдары» жапон манга жобасы, Ғани Иляевтің мерейтойлық көрмесі және кореялық суретші Хван Сонджонның жаңа медиа туындылары ұсынылады.
«Музей түні» — бұл жай ғана көрме емес. Бұл — тарихпен тілдесіп, өнерді жаңа қырынан сезінуге мүмкіндік беретін ерекше рухани кеш.



