Ел тынысы

Соғыс жылдарындағы әндер

Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармония сахнасында «Кестелі орамал» атты мерекелік концерт өтіп, көрермендерге халықтың өткен ғасырдағы тарихы, соғыс жылдарындағы рухани беріктігі мен бейбіт өмірдің қадірі өнер арқылы көрсетілді. Атап айтқанда, соғыс жылдарынан сыр шертетін «Батыр Бауыржан», «Жас қазақ», «Ана туралы баллада», «Әлия», сондай-ақ кеңес кезеңінде кеңінен танылған «Синий платочек», қазақ тіліндегі «Катюша», «Смуглянка», «Темная ночь» және «Журавли» сынды әндер орындалды.

Сахнада Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Светлана Айтбаева, Естай Мұқашев, Гүлнұр Оразымбетова, Арайлым Рахымқызы, халықаралық байқаулардың лауреаттары Айдын Жұмабаев, Парасат Отан, Диана Маева, Қымбат Жамбылбек, «Дарын» сыйлығының лауреаттары Мұратбек Хайролда мен Ақбота Құснадин, сондай-ақ «Қазақстан дауысы» жобасының жеңімпазы Құралай Мейрамбек өнер көрсетті. Ал кештің ерекшелігі – шығармаларды мәдениет қайраткері Шолпан Қорғанбек жетекшілік ететін «Қорқыт» этноансамблінің сүйемелдеуі. Осылайша қазақтың дәстүрлі аспаптарының үні мен соғыс жылдарындағы әндердің үйлесімі көпшілікке таныс туындыларды жаңа қырынан танытты. Бағдарламаның идея жетекшісі, филармониядағы эстрада-вокал бөлімінің көркемдік жетекшісі Дана Сатаева концерт ән арқылы жететін тарихи кешке айналғанын айтты. Кеш атауы соғыс жылдары жазылған көрнекті композитор Мұқан Төлебаевтың осы аттас шығармасынан алынған.

– Кештің атауына айналған «Кестелі орамал» әні майданға аттанған жауынгерлердің отбасымен ұзақ уақыт хабарсыз қалған кезеңін бейнелейді. Олар хат жазып, оның жақындарына жетер-жетпесін білсе де, әр жолына сағыныш пен жүрек жылуын сыйлады. Осы екі сөздің өзінде үлкен нәзіктік пен махаббат жатыр. Сондықтан мұндай әндерді жастар білуі және есте сақтауы керек. Өйткені бұл туындыларда бейбіт аспан үшін өмірін қиған жандардың рухы сақталған, –  деді Дана Сатаева.

Шапағат ӘБДІР

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button