Ел тынысы

PGL Astana 2026: Астанада тағы да Counter-Strike 2 бойынша ірі халықаралық турнир өтеді

15-17 мамыр күндері Астанадағы Barys Arena кешенінде Counter-Strike 2 бойынша халықаралық PGL Astana 2026 турнирі өтеді. Қазақстан астанасы қатарынан екінші жыл әлемдік киберспорт индустриясындағы ең беделді әрі ауқымды жарыстардың бірін қабылдамақ, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Турнирді әлемдегі жетекші киберспорт ұйымдастырушыларының бірі — PGL Esports SRL өткізеді. Компания бұған дейін Стокгольм, Антверпен, Бухарест және Сингапур қалаларында ірі халықаралық турнирлер ұйымдастырған. PGL Astana 2026 додасының Астанада өтуі қаланың халықаралық киберспорт картасындағы орнын одан әрі нығайта түседі.

2026 жылғы турнирдің жүлде қоры 1,6 миллион АҚШ долларын құрайды. Жарысқа әлемнің ең үздік 16 командасы қатысады. Олардың қатарында Team Spirit пен G2 Esports ұжымдары бар.

Турнирге халықаралық медиа және киберспорт өкілдерінің қатысуы жоспарланып отыр. Олардың қатарында Counter-Strike бойынша әлем чемпионы Дәурен Қыстаубаев, FURIA Esports ойыншысы Даниил Голубенко, танымал стример Слава Бустер, PGL турнирлерінің жүргізушісі James Banks, сондай-ақ Counter-Strike аңызы әрі әлем чемпионы Габриель Толедо бар.

2025 жылғы турнир PGL сериясындағы мейджор мәртебесіне ие болмағанына қарамастан, ең ірі жарыстардың біріне айналды. Финал бәсекесін Twitch платформасында бір мезетте 920 мыңнан астам көрермен тамашаласа, жалпы қаралым саны 1,3 миллионнан асты.

Турнир медиалық әсерден бөлек, туризм мен қала экономикасына да оң ықпалын тигізуде. 2025 жылы іс-шараға шамамен 20 мың көрермен келіп, қонақүйлер, мейрамханалар және қалалық инфрақұрылым нысандарына түсетін жүктемені арттырды. Жалпы экономикалық әсер көлемі 11,6 миллион АҚШ долларына жуық болды.

PGL Astana 2026 турнирінің өтуі киберспорттың жаһандық индустрия ретіндегі маңызы артып келе жатқанын айқындай түседі. Сонымен қатар Астананың халықаралық деңгейдегі ірі киберспорт жарыстарын өткізетін маңызды орталық ретіндегі мәртебесін одан әрі күшейтпек.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button