Ел ертеңін айқындайтын құжаттар

Кеше Парламент палаталарының бірлескен отырысы өтті. Жиында депутаттар үш негізгі заң жобасы: «Қазақстан Республикасының Президенті туралы», «Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық заң жобаларын және «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» конституциялық заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.
ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТТІ ПРЕЗИДЕНТ ТАҒАЙЫНДАЙДЫ
Парламент палаталарының бірлескен отырысында «Қазақстан Республикасының Президенті туралы» Конституциялық заң жобасын Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев таныстырды. «Заң жобасы кешенді сипатқа ие. Ол 8 тарау мен 43 бапты қамтып, құқықтық реттеуді жүйелейді. 1-тарауда Қазақстан Республикасы Президентінің мәртебесі айқындалады, оның ішінде қызметке кірісу тәртібі, өкілеттік мерзімі және Президент лауазымын атқаруға байланысты шектеулер қарастырылады. Президентті сайлау тәртібіне, ант беру мерзімдеріне, сондай-ақ өкілеттік мерзімдеріне қатысты нормалар кезектен тыс сайлау институтынан бас тартуды ескере отырып, нақтыланды. Осы орайда 2022 жылы енгізілген суперпрезиденттік басқару нысанынан бас тартуға бағытталған тұжырымдамалық қағидаттар өзгеріссіз сақталғанын бөлек атап өткім келеді. Бұл – Президенттің бірреттік жеті жылдық өкілеттік мерзімі, оның жақын туыстарына қатысты шектеулер және Президенттің саяси партиядан тыс болуы туралы нормалар» деді министр.
Оның айтуынша, 2-тарауда Конституцияға сәйкес Президенттің өкілеттіктері белгіленген. Соның ішінде сыртқы және ішкі саясаттың негізгі бағыттарын айқындауға қатысты құзыреттер, Құрылтаймен, Үкіметпен және өзге де мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл, сондай-ақ кадрлық мәселелер мен норма шығару функциялары айқындалады. Алғаш рет жеке бапта Президенттің Қазақстан Халық Кеңесіне қатысты өкілеттіктері бекітіледі. Олардың қатарында Кеңестің құрамын бекіту және ұйымдастырушылық инфрақұрылымды қалыптастыру мәселелері көзделген. Бұл жоғары консультативтік органның мемлекеттік басқарудың жалпы жүйесіне үйлесімді қосылуын қамтамасыз етеді. Сондай-ақ Адам құқықтары жөніндегі уәкілге қатысты Президенттің өкілеттіктерін реттейтін жеке норма енгізіледі. Президент Конституцияға сәйкес омбудсменді тағайындайды және оның жыл сайынғы баяндамасын тыңдайды. Бұл азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың институционалдық кепілдіктерін күшейтеді. «Заң жобасының негізгі новелласы – конституциялық деңгейде енгізілген жаңа институт – Қазақстан Республикасының Вице-Президентін іске асыру. Ол мемлекеттік басқару жүйесінің тұрақтылығын арттыруға және жоғары билік органдарының үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз етуге бағытталған» деп түсіндірді ол.
3-тарауда Вице-Президентті тағайындау тәртібі белгіленеді – оны Құрылтайдың келісімімен Президент тағайындайды. Бұл ретте кандидатқа қойылатын біліктілік талаптары нақты айқындалған. Сонымен бірге оның өкілеттігін тоқтату негіздері, жоғары лауазымды тұлға мәртебесіне ұқсас шектеулер қарастырылады.
«Қазақстан Республикасының Президенті туралы» Конституциялық заң жобасында Президенттің Құрылтай келісімімен қандай лауазым иелерін тағайындайтыны нақты белгіленген. Бұл туралы Парламент палаталарының отырысында аталған құжатты талқылау барысында Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан айтып берді.
«Конституциялық заңның жобасы Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Вице-Президентінің құқықтық жағдайын айқындайды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының барлық мемлекеттік билік субъектілеріне қатысты Президент өкілеттіктерін регламенттейді. Қазақстан Республикасының Президенті – Мемлекет басшысы – мемлекетіміздің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарын айқындайтын жоғары лауазымды тұлғасы, ел ішінде және халықаралық қатынастарда Қазақстан атынан өкілдік етеді» деді ол.
Депутаттың айтуынша, Президент халық пен мемлекеттік билік бірлігінің, Конституция мызғымастығының, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарының символы әрі кепілі болып қала бермек.«Заң жобасына сәйкес Президент Бас прокурорды, Конституциялық соттың, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, Жоғары аудиторлық палатаның, Орталық сайлау комиссиясының, Ұлттық банктің төрағаларын, Адам құқықтары жөніндегі уәкілді және Мемлекеттік күзет қызметінің бастығын жеке өзі тағайындайды. Президент Құрылтаймен келісу бойынша Вице-Президентті, Премьер-министрді, Конституциялық соттың 10 судьясын, Жоғары аудиторлық палатаның 8 мүшесін, Орталық сайлау комиссиясының 6 мүшесін, сондай-ақ Жоғарғы соттың судьяларын тағайындайды және сайлайды» деді Жанарбек Әшімжан.
ПАРЛАМЕНТТІҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ МИРАСҚОРЫ
Кеше депутаттар мақұлдаған «Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық заң жобасы 1 шілдеден бастап күшіне енеді. Мәжіліс депутаты Айдос Сарымның айтуынша, заманауи Құрылтай бұрынғы тарихи Құрылтайды қайта құру емес. Қазіргі Құрылтай заң шығарушы билігін жүзеге асыратын жоғары өкілді орган ретінде жаңа мән-мағынаға ие болады. Заң жобасына сәйкес, Құрылтайдың құрамы 145 депутаттан тұрады. Олар пропорционалды жүйе бойынша сайланып, өкілдік мерзімі 5 жыл болып белгіленеді. Сондай-ақ заң жобасында Құрылтайдың заңдарды қабылдау, мемлекеттік органдарды қалыптастыруға қатысу және парламенттік бақылаудың тетіктерін жүзеге асыруды қамтитын құзыреті белгіленеді. Бұдан басқа, заң жобасы Құрылтайдың Үкіметпен өзара іс-қимыл жасау тәртібін айқындайды.
Құжатта Құрылтай Парламенттің құқықтық мирасқоры болатыны туралы норма бар. Жаңа бір палаталы парламентте депутат этикасы жөніндегі кеңес құрылады. Айдос Сарым түсіндіргендей, «Құрылтай туралы конституциялық заң» нормаларына сәйкес, енді отырыстардағы сөйлеу мәдениеті мен тәртіп қатаң бақыланады. Депутат сөйлеу мәдениетінің бақылануы әлемдік тәжірибеде бар екенін айтып, британ парламентін мысал етті.
«Англияда айтуға болмайтын сөздердің тізімі бар. Бізде әзірге ондай жоқ, бірақ сөйлеу және өзін ұстау мәдениетін қалыптастыру қажет» деді ол.
Журналистер Мәжіліс депутатынан әріптестерінің кейде әлеуметтік желіде дауласып қалатынын, жеке басқа қатысты пікір айтатынына қатысты сауал қойды. Мұндай дау сот арқылы немесе этика комиссиясы арқылы шешіледі. Ал Сайлау туралы заңға енгізілетін өзгерістер мынадай: егер әкім сайлауында екі кандидаттың дауысы тең болса, қайта дауысқа салынады; бір адам бір уақытта әрі әкімдікке, әрі мәслихатқа кандидат бола алмайды; интернетте (әлеуметтік желі, сайттар) үгіт жүргізуде барлық кандидаттарға тең мүмкіндік беріледі; партиядан шыққан кандидат өз партиясының сайттары мен парақшаларын еркін қолдана алады; кандидаттар тек арнайы сайлау қоры арқылы ғана ақша жұмсай алады (жасырын қаржыға тыйым); сенімді тұлға болу үшін адам 18 жастан асуы керек және өзі кандидат болмауы тиіс; әкім боламын деген кандидат халықтан қол жинауы керек (белгілі бір мөлшерде); қылмыс жасаған адамдар сайлау комиссиясына кіре алмайды; комиссия мүшелері ереже бұзса, ескерту алады, қайталанса жұмыстан шығарылады.
Төлен ТІЛЕУБАЙ



