Халық қаһарманына құрмет

Ұлы Жеңістің 81 жылдығы қарсаңында Рейхстагқа алғаш ту тіккен батыр, Қазақстанның Халық Қаһарманы Рақымжан Қошқарбаев ескерткішінің маңына әскери ұйымдар мен ардагерлер кеңестерінің зейнеткерлері, С.Нұрмағамбетов атындағы әскери колледждің ұландары жиналды.
Батырға тағзым ету салтанаты «Мұрагер» бейбітшілік шарты әскери күштері ардагерлерінің республикалық қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен, Астана қаласы Ардагерлер кеңесінің қолдауымен өтті. Іс-шараға даңқты батырдың ағайын-туыстары, қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Сансызбай Есілов, Астана қаласы Алматы ауданы ардагерлер кеңесінің төрағасы Марат Мұстафин қатысты.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік әнұраны шырқалған соң, батыр ескерткішіне гүл шоқтары қойылды. Қаһарманның жерлесі, қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Сансызбай Есілов батырдың ерлігімен көптен таныс екенін, жақын ағайындарынан естігендерін айтып, кезінде Тың өлкесінен шыққан басқа да батырлар туралы әңгімелеп, олардың есімін еске алды. Рақымжан Қошқарбаевтай ағасының ерлігі мен өрлігі туралы көп оқығанын да баяндады.
Астана қаласы Алматы ауданы ардагерлер кеңесінің төрағасы Марат Кәрімұлы қаһарманның өмір жолына кеңінен тоқталды. Соғыстан кейінгі атқарған жұмысынан жастарға көптеген мағлұмат берді. Бұдан соң «Мұрагер» бірлестігінің өкілдері, батырдың туысқандары сөз сөйлеп, ойларын ортаға салып, келер ұрпаққа үлгі болар жерлес батырдың ерлігін баяндады.
Жиында жауынгер атамыз өзі сияқты батыр жігіт Григорий Булатовпен Рейхстагқа жеңіс туын тіккені, соғыстан кейін Эльба өзені бойындағы әскери бөлімде қызмет атқарғаны, 1947 жылы Ақмола облыстық атқару комитетінде нұсқаушы, Қазақ КСР Министрлер Кеңесі жанындағы қоныс аударушылар жөніндегі бас басқармада инспектор, одан соң «Алматы» қонақ үйінің директоры болғаны айтылды. Себебі оның ерлігі – ұрпаққа үлгі.
Қаһарман батырға тағзым ету – әр азаматтың борышы. Осындай батырларымыздың ерлігі ешқашан ұмытылмайды. Жиналған қауым «Бұдан былай соғыс болмасын, аспанымыз ашық болсын!» деп тарқасты.
Баянды ӘЛПИ,
Астана қаласы Алматы ауданы ардагерлер кеңесі медиатобының жетекшісі



