Ескерткіш аумағын тазалады
Астанада республикалық «Таза Қазақстан» акциясы аясында ескерткіштер аумағын тазалау және абаттандыру жұмысы жүріп жатыр, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Бірлескен музейлер дирекциясының қызметкерлері Дина Нұрпейісова ескерткішінің аумағында тазалық жүргізді. Іс-шара барысында ескерткіш маңы тазартылып, аумағы ретке келтірілді.
Бұл жұмыс қоғамдық кеңістіктерді таза ұстауға, мәдени мұраға құрметпен қарауға және қоғамда экологиялық жауапкершілік мәдениетін нығайтуға бағытталған.
Бірлескен музейлер дирекциясының ғылыми-зерттеумен қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Қуаныш Күлештің айтуынша, тазалық мәдениеті әрбір азаматтың өзі өмір сүріп отырған ортаға жауапкершілікпен қарауынан басталады.
«Ел тазалығы – ұлт мәдениетінің айнасы. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, табиғатты қорғау – бәрімізге ортақ міндет», – деді ол.
«Таза Қазақстан» акциясының негізгі мақсаты – қоршаған ортаны қорғау, елді мекендерді абаттандыру, қоғамдық орындарды таза ұстау және экологиялық мәдениетті қалыптастыру.
Мәдени мұраны сақтау және оның айналасын таза ұстау – ұлттық құндылықтарға құрметтің маңызды көрінісі. Осы бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады.
#ТазаҚазақстан #экология #TazaChallenge #ТазаАула @TazaQazaqstan



