Оңалту құралдарымен қамтамасыз етуде оң өзгеріс бар

Бүгінде мүгедектігі бар жандарды оңалтудың техникалық құралдарының (ОТҚ) жекелеген түрлерімен тегін қамтамасыз етудің жаңа тетігі енгізілді. Жоба 2030 жылға дейінгі инклюзивті саясат тұжырымдамасы аясында әзірленіп, қолдау жүйесін мейлінше тиімді әрі қолжетімді етуге бағытталған. Алайда оңалту құралдарын ауыстыру кезінде олардың техникалық жай-күйі мен тозу деңгейі ескерілмейді, ал пайдалану кезеңінде жөндеу жұмысы қарастырылмаған еді. Осы құралдардың кепілдендірілген сомасын қайта қарау бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Астана қаласы бойынша департаменті басшысы Асқар АЙМАҒАМБЕТОВТЕН сұрап білген едік.
– Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау жүйесін жаңғырту шеңберінде реформаларды тұрақты негізде жүргізуде. Негізгі мақсат – адамның нақты қажеттіліктеріне бағдарлана отырып, оңалтудың сапасын, қолжетімділігін және тиімділігін арттыру. Аталған шаралар Қазақстан Республикасының 2030 жылға дейінгі инклюзивті саясат тұжырымдамасы аясында іске асырылуда. Бұл құжат 2024 жылы бекітілген.
– Осы жылдың сәуір айында әлеуметтік қызметтер порталы арқылы оңалту техникалық құралдарымен қамтамасыз ету тәртібін реттейтін бұйрықтарға өзгерістер енгізілді. Сол туралы толығырақ айтып берсеңіз.
– Инклюзивті саясат тұжырымдамасын іске асыру шеңберіндегі негізгі өзгеріс – ОТҚ құнын қалыптастыру процесін толық цифрландыру және адами факторды болдырмау. Бұрын кепілдендірілген сома алдыңғы қаржы жылындағы орташа баға көрсеткіштері негізінде үш дереккөз бойынша комиссия арқылы анықталатын: әлеуметтік қызметтер порталының деректері, мемлекеттік сатып алулар және әлеуетті жеткізушілердің коммерциялық ұсыныстары. Жаңа әдістеме бойынша кепілдендірілген сома әлеуметтік қызметтер порталы мен электрондық дүкен деректерін ескере отырып есептеледі. Бұл ашықтықты, объективтілікті және бірыңғай тәсілді қамтамасыз етеді.
– Іс жүзінде бұл теңгерімсіздіктерді жоюға мүмкіндік бере ме?
– Иә. Мысалы, электрондық дүкенде мүгедектер арбасының құны шамамен 200 мың теңге болса, бұрынғы тәсілдер кезінде оның бағасы әлеуметтік қызметтер порталында 400-500 мың теңгеге дейін жетуі мүмкін еді. Қазіргі таңда жүйе артық төлемсіз, нарықтағы әділ бағаға бағдарланады. Бұл ретте мемлекет адамдардан үнемдеп отырған жоқ – ол негізсіз шығындарды жою арқылы мұқтаж азаматтарды сапалы ОТҚ-мен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін атап өту маңызды. Өз кезегінде босатылған қаражаттар жүйені дамытуға, оның ішінде оңалтудың тиімділігі мен қалпына келу жылдамдығын арттыратын заманауи, технологиялық және қымбат құралдарды енгізуге бағытталуда. Жаңа тәсілдер әлеуметтік қорғау саласын дамыту ұлттық ғылыми орталығы арқылы іске асырылуда – бұл халықты әлеуметтік қорғау саласында заманауи шешімдерді енгізетін арнайы алаң екенін қосымша хабарлаймыз. Бүгінгі таңда жоба Ақтөбе, Қарағанды және Павлодар облыстарында жүзеге асуда.
– Оңалтуға арналған техникалық құралдардың қатарына не кіреді? Жаңа тетік қалай жұмыс істейді?
– Мысалы, мүгедектігі бар адамдар арбасы, жүруге көмектесетін құралдар және т. б. мүгедектігі бар адамдарға тұрақты түрде емес, уақытша, тегін пайдалануға беріліп, кейін қайтаруды қарастырады. Бұл тәсіл қолданыстағы жүйені толықтырып, оны неғұрлым икемді етеді: енді тек пайдалану мерзіміне ғана емес, сонымен қатар жабдықтың нақты жағдайына баға беріледі. Осы мақсатта құрылған әлеуметтік-техникалық сараптама қызметінің мамандары техникалық оңалту құралдарының жағдайын, тозу деңгейін бағалап, оларды әрі қарай пайдалану, жөндеу немесе мерзімінен бұрын ауыстыру туралы шешім қабылдайды. Егер құрал әрі қарай пайдалануға жарамсыз деп танылса, ол жойылуға жатады да, белгіленген пайдалану мерзіміне қарамастан, жаңа құрылғыға ауыстырылады. Ал қолдануға жарамды деп танылса, жөнделген құралдарды қайта пайдаланып, жаңа ТҚО алуын немесе өз құралының жөнделуін күтіп отырған мүгедектігі бар адамдарға уақытша ұсынылуы мүмкін. Бұл ретте Астана қаласының мүгедектігі бар адамдарына айтқымыз келетіні, жеке пайдалануға арналған құралдар, мысалы, протездер жаңа жобада қарастырылмайды. Биыл іске асыруға жоспарланған жоба мүгедектігі бар адамдардың үздіксіз оңалуын қамтамасыз етуге, сондай-ақ техникалық құралдарды уақытылы пайдалану мен олардың өңірлерде қолжетімділігін арттыруға бағытталған. Жалпы пилоттық жобаға 40-тан астам түрлі техникалық құралдар, оның ішінде жүріп-тұру құралдары (мүгедектігі бар жандар арбасы, жүруге арналған тірек, балдақ және т. б.) енгізілген.
Сұхбаттасқан Айгүл УАЙС



