Тұрмыстық қалдықтан туындылар жасайды
Елорданың ÓzgeEpic креатив хабы алаңында Жалпыұлттық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында суретші-мүсінші Қанат Әбдиннің «Жаңа бейне» атты көрмесі ашылды. Экспозицияның басты ерекшелігі – барлық туынды тұрмыстық қалдықтардан, атап айтқанда картон, пакеттер, пластик және құрғақ бұтақтардан жасалған, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай бастамалар өзекті экологиялық мәселелерді көтеріп қана қоймай, отандық арт-кеңістік үшін жаңа бағыттардың қалыптасуына жол ашады.
«Қазақстанда мүсіншілер саусақпен санарлық, ал қалдықтан өнер жасау – біз үшін мүлде жаңа бағыт. Мұндай жұмыстар адамдардың экологияға деген көзқарасын түбегейлі өзгерте алады. Бұл тіпті бүлдіршігдердің де қызығушылығын тудырып отыр», – деді креатив хабтың негізін қалаушы Тоғжан Құрманжанова.
Көрменің тұжырымдамасы шамадан тыс тұтынудың алаңдатарлық салдары туралы ой қозғауға негізделген. Шебердің қолында тұрмыстық қалдықтар жаңа бейнелер мен гибридтерге айналған.
«Бұл – болашақтағы санасыз адамның бейнесі. Егер біз табиғи ресурстарды бей-берекет пайдаланып, қоршаған ортаны ластауды жалғастыра берсек, қоқыс бізді толықтай жұтып, мүсіндегі саңырауқұлақ секілді денемізді жарып шығады», – дейді автор.
Айта кетерлігі, көрмедегі барлық жұмыс әйел бейнесінде ұсынылып, әрқайсысына есім берілген. Автор мұны әйел табиғатына тән нәзіктік, әсемдік және тылсым сипаттармен байланыстырады. Осы ерекше пішіндер арқылы мүсінші көрерменнің экологиялық санасын оятып, орынсыз тұтынудың салдары туралы ойландыруды мақсат етеді.



