Ел тынысы

ЕҰУ-да 400-ден астам түлек әскери ант қабылдады

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің бас ғимараты алдында әскери кафедра түлектерінің салтанатты ант қабылдау рәсімі өтті. Іс-шара 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні, 9 мамыр – Жеңіс күні және университеттің 30 жылдығына орай  ұйымдастырылды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Салтанатты жиында әскери кафедраның 400-ден астам түлегі Отанға адалдық антын қабылдады. Рәсімге Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің басқарма төрағасы – ректоры Ерлан Сыдықов бастаған проректорлар, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің өкілдері, Қарулы Күштердің ардагерлері, түлектердің ата-аналары және басқа да құрметті қонақтар қатысты.

ЕҰУ Әскери кафедрасының бастығы, генерал Еділ Оразов салтанатты рәсімде сөз сөйлеп, түлектерді маңызды кезеңмен құттықтады.

«Бүгін сіздер үшін ерекше әрі жауапты күн. Әскери ант – бұл жай ғана рәсім емес, бұл Отан алдындағы қасиетті міндетті мойындау. Еуразия ұлттық университетінің әскери кафедрасында алған білімдеріңіз сіздерге тек кәсіби тұрғыда ғана емес, азаматтық ұстанымдарыңызды қалыптастыруда да үлкен негіз болды. Сіздер – еліміздің болашағы, тәуелсіздігіміздің тірегісіздер.

Қазіргі заманның сын-қатерлері әрбір азаматтан жоғары жауапкершілік пен дайындықты талап етеді. Сондықтан сіздердің бойларыңыздағы білім мен тәртіп, патриоттық рух – Қазақстанның қауіпсіздігі мен тұрақтылығының кепілі.

Бүгін әскери ант қабылдай отырып, сіздер шынайы Отан қорғаушылар қатарына қосылдыңыздар. Осы мәртебелі атаққа лайық болып, Қазақстанның дамуы мен өркендеуі жолында адал еңбек етіңіздер.Баршаңызды әскери ант қабылдауларыңызбен құттықтаймын!», — деп атап өтті генерал.

Салтантты шараға келген ата-аналар да лебіздерін білдіріп, қуаныштарымен бөлісті.

 «Бүгін біз үшін ерекше қуанышты әрі толқулы күн. Балаларымыздың әскери ант қабылдап, ел алдында жауапкершілік жүгін арқалауы – әр ата-ана үшін үлкен мақтаныш.

Осы уақытқа дейін оларға білім мен тәрбие берген университет ұжымына, әскери кафедра ұстаздарына шынайы алғысымызды білдіремін. Бүгінгі жетістік – ұстаздардың еңбегі мен балаларымыздың табандылығының нәтижесі.

Біз жақсы білеміз, ЕҰУ әрдайым жан-жақты дамыған, бәсекеге қабілетті мамандар даярлауды мақсат етеді. Әскери кафедра – осы бағыттағы маңызды буындардың бірі. Мұнда алған білімдеріңіз бен дағдыларыңыз сіздерге болашақта үлкен мүмкіндіктер ашатынына сенімдімін.

Еліміздің тыныштығы мен қауіпсіздігі – сіздер секілді білімді, отансүйгіш жастардың қолында. Баршаңызды әскери ант қабылдауларыңызбен құттықтаймын! Алдағы өмір жолдарыңызда табыс, ел игілігі жолындағы қызметтеріңізге сәттілік тілеймін», — деді ата-аналар атынан сөз алған түлек Ділназ Қожанованың анасы, адвокат Аида Жанқарақызы.

Іс-шара барысында көпшілік назарына отандық Besqaru зауыты өндірген TAIMAS, AIBAR және өзге де брондалған доңғалақты техникалар ұсынылды. Сонымен қатар, бағдарлама аясында арнайы тактикалық және көрсетілімдік қойылымдар ұйымдастырылды. Атап айтқанда, TAIMAS жауынгерлік машиналарын пайдалана отырып барлау тобының іс-қимылдары көрсетілді. Бұдан бөлек, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің Құрмет қарауылы ротасы дефиле орындап, Қорғаныс министрлігінің Арнайы операциялар күштерінің әскери қызметшілері қоян-қолтық ұрыс элементтерін паш етті.

«Салтанатты шарамыз ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі құрмет қарауылының Ту ұстаушыларымен басталды. Еліміздің біртұтастығы тумен өлшенеді.Бір тудың астына жиналу деген – елдегі тұрақтылықтың кепілі! Байрағымыздың жерге жығылмауы үшін ақтық демі қалғанша күрескен бабаларымыз қаншама. Еліміздің туы – Отанға деген махаббаттың, бүгінгі ант қабылдаушылардың ол үшін жанын пида етуге дайын екендігінің бір айғағы» — деді полковник Атығай Балғабеков.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, аталған іс-шара жас буынның патриоттық рухын қалыптастыруға, әскери дәстүрлерді нығайтуға және студенттердің кәсіби даярлық деңгейін арттыруға бағытталды.

«Бүгін біз үшін ерекше әрі ұмытылмас күн. Әскери ант қабылдау – әрқайсымыздың өміріміздегі үлкен жауапкершіліктің бастауы. Университет қабырғасында алған біліміміз бен әскери даярлығымыз бізді тек маман ретінде ғана емес, елін қорғай алатын азамат ретінде қалыптастырды.

Бізге білім мен тәрбие берген ұстаздарымызға, әскери кафедра оқытушыларына және ата-аналарымызға алғысымыз шексіз. Олардың сенімі бізге әрдайым күш береді.

Бүгіннен бастап біз Отан алдындағы қасиетті борышымызды абыроймен атқаруға дайынбыз. Қазақстанның тыныштығы мен қауіпсіздігі үшін аянбай қызмет етуге ант етеміз», — деді түлек Мерей Сарқытов.

Әскери кафедраны аяқтаған түлектерге «запастағы лейтенант» әскери атағы беріледі. Бұл оларға азаматтық мамандықпен қатар әскери білім алып, болашақта еліміздің күштік құрылымдарында қызмет етуге мүмкіндік береді.

Қорыта айтқанда, салтанатты шара жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Бұл – темірдей тәртіптің, мінсіз дайындықтың және әскери дәстүрге деген адалдықтың символы. Емін-еркін орындалып жатқан әрбір қимыл жүздеген сағат жаттығудың нәтижесі.

Мерекелік шараны «Ұлттық ұлан» ансамблінің әншілері мен «Самұрық» би тобының өнерпаздары қорытындылады.

 

 

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button