Абай Тасболатов: «Мен Отанды сүйемін» деп сөзбен айту жеткіліксіз…

Тәуелсіздіктің елең-алаң шағында Қазақстанның Қарулы күштерін құру оңай болған жоқ. Сол уақытта әсіресе, әскери кадрдан тапшылық қатты байқалды. Бірте-бірте кадр қалыптасты. Бұл іске генерал-лейтенант, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі Абай Тасболатовтың қосқан үлесі зор.
Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс күні қарсаңында Абай Бөлекбайұлымен «Мәңгі өшпес ұлы ерлік» атты кездесу өтті. Астана қаласы Орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты М.Әуезов атындағы Орталық қалалық кітапхана ұйымдастырған жиынға Ұлттық ұланның 6636 әскери бөлімі сарбаздары қатысты.
Абай Тасболатов Ташкент және Алматы жоғары жалпы әскери командалық училищелерін, М.Фрунзе атындағы Әскери академияны үздік бітірді. Взвод командирі, рота командирі, батальон командирі жолдарынан өтті. Алматы жоғары жалпы әскери командалық училищесі жанындағы запастағы және кадрлық офицерлерді дайындау бөлімшесін, Мемлекеттік қорғаныс комитеті жанындағы жоғары оқу орындары және әскери емес штаб дайындығы бөлімінің бастығы болды. Содан соң Алматы жоғары жалпы әскери командалық училищенің тізгінін қолына алды. Бұл – Қазақстан Қарулы күштері әлі құрылмаған кез, нақты айтқанда 1992 жылдың наурызы.

«Сол уақытта училищеде қазақ ұлтынан шыққан 4-ақ офицер, 20 курсант қана болды. Бірте-бірте «қарагөздеріміз» көбейді. Тоқсаныншы жылдары елде әлеуметтік-экономикалық жағдай қиын еді. Азық-түліктен, жанар-жағармайдан тапшылық көрдік. Жалақы да кешіктіріліп берілетін. Қазір бұл түс сияқты. Бірақ осының бәрін бүгінгі ұрпақ білуі керек. Патриоттық тәрбие, патриоттық сезім адамға жайдан-жай келмейді. «Мен Отанды сүйемін» деген сөзбен айту ғана шектелмейді, оның бағыттары көп. Соның бір бағыты – тарихты білу. Бұрынғы мен бүгінгі тарихты да білген жөн. Біздің бір ерекшелігіміз – көпұлтты елміз. Мықтылығымыз да сол бірлігімізде» деді Абай Тасболатов.
Абай Бөлекбайұлы училищеден кейін Әскери академияны басқарды. Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің орынбасары, Республикалық ұланның қолбасшысы болды. Парламент Мәжілісінің депутаты кезінде бірқатар маңызды заңдардың қабылдануына үлес қосты. Оның шәкірттері қатарында бұрынғы Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов, қазіргі Бас штаб бастығы Қаныш Әбубәкіров, Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы Мереке Көшекбаев есімдерін атап өтуге болады. Бір сөзбен айтқанда, Абай Тасболатов Қазақстанның Қарулы күштерінің қалыптасуына сүбелі үлес қосты. Кездесуде ол патриоттық, отаншылдық туралы келелі әңгіме өрбітті.
Астана қаласы Орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Гүлбадан Мәдібаева кездесудің тақырыбы туралы ой өрбітіп, жиналғандарды келе жатқан мерекелермен құттықтады. Кітапханашы Жанна Шеризатқызы кездесуді мазмұнды етіп жүргізді. «Мәңгі өшпес ұлы ерлік» тақырыбындағы кітап көрмесі ұйымдастырылып, жиналғандар қонаққа сұрақты қойды.
Аманғали Қалжанов



