Жыл басынан бері елордалықтарға қандай әлеуметтік көмек көрсетілді?

2026 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша елордадағы еңбек нарығындағы жағдай тұрақты және үнемі бақылауда. Жұмыссыздық деңгейі республикалық орташа көрсеткіштен төмен. Жұмыспен қамтуды қолдау шаралары аясында 5 622 адам қамтылды, олардың 2 909-ы – 35 жасқа дейінгі жастар. Тұрақты жұмыс орындарына 743 адам орналастырылды, тағы 1 191 адам қоғамдық жұмыстарға жіберілді. Бұл туралы қалалық Коммуникациялар қызметіндегі брифингте Астана қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Ерлан Жүсіпов мәлімдеді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Мемлекеттік қолдау шараларымен, оның ішінде жастар практикасы, әлеуметтік жұмыс орындары және «Күміс жас» бағдарламасы арқылы 400-ден астам адам қамтылды. Оқыту бағытына ерекше көңіл бөлінген: 721 адам «Бастау Бизнес» жобасы бойынша оқытудан өтті, 989 адам сұранысқа ие дағдылар бойынша онлайн оқыды, ал 1 547 азаматқа кәсіптік бағдар беру қызметі көрсетілді.
Электрондық еңбек биржасында 1 127 жұмыс берушіден 6 369 бос жұмыс орны орналастырылды, бұл еңбек нарығының қолжетімділігін арттыруға ықпал етті. Жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін кеңейту мақсатында жұмыс берушілер мен жұмыс іздеушілердің қатысуымен 14 бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткен.

«Өңірлік жұмыспен қамту картасын іске асыру шеңберінде есепті кезеңде 6 591 жұмыс орны құрылған, оның 4 963 тұрақты, ал 1 628 уақытша. Негізгі үлес жобаларды іске асыру есебінен, 1 765 жұмыс орны және жеке бастамалар аясында құрылған 4 083 жұмыс орны арқылы қамтамасыз етілді. Қосымша 743 адам бос жұмыс орындарына орналастырылды.
Бұл шаралар халықтың тұрақты жұмыспен қамтылуын қамтамасыз етіп, экономикалық белсенділігін арттыруға мүмкіндік берді. 2026 жылы халықтың әлеуметтік осал топтары үшін жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға 260 грант беру жоспарланған», – дейді басқарма басшысы.
Елордадағы әлеуметтік қолдау жүйесі жыл сайын 220 мыңнан астам адамды қамтып, әлеуметтік қызметтер мен төлемдердің кең спектрін ұсынады. Ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында 126 964 мемлекеттік қызмет көрсетілген, олардың басым бөлігі электрондық форматта ұсынылды.
Астанада 39,8 мың көпбалалы отбасы, 8,3 мың көпбалалы ана, сондай-ақ 41 мыңнан астам мүгедектігі бар адам және мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған 12,1 мың отбасы тұрады. Зейнеткерлер саны — 134 570 адам.
Жыл басынан бері 56 отбасы тұрғын үйді газдандыру шығындарының өтемақысын алды. 1 227 адам санаторий-курорттық емдеумен қамтылды, ал 2 638 азаматқа коммуналдық қызметтер үшін өтемақы берілді. Сонымен қатар 41 703 адам мерекелік күндерге орай біржолғы әлеуметтік көмек алды.
Атаулы әлеуметтік көмек 1 048 отбасыға тағайындалып, 5 526 адамды қамтыды, оның ішінде 3 930 бала бар. 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға қосымша төлемдер 1 703 балаға берілді.
«АӘК алушылар санының тұрақты түрде азаю үрдісі байқалады. Бұл халық табысының артуымен, азаматтарды жұмыспен қамту және кәсіпкерлікке тарту шараларымен, сондай-ақ FCM SOCIAL жүйесі сияқты цифрлық шешімдердің енгізілуімен байланысты.
Қалада 41 мыңнан астам мүгедектігі бар адам тұрады, олардың жартысына жуығы aleumet.egov.kz порталы арқылы техникалық оңалту құралдарымен және қызметтермен қамтылған. Жыл басынан бері жұмысқа орналасуға жәрдем сұрап 820 адам жүгінсе, олардың 268-і жұмыспен қамту шараларына тартылды. «Инватакси» қызметі айтарлықтай кеңейтілді: көлік саны 144 бірлікке дейін артты, ал қамту 2,5 мыңнан астам адамды құрады. Сонымен қатар Yandex Go сервисі негізінде пилоттық жоба іске асырылып, оны шамамен 900 адам пайдаланды.
Қалада кедергісіз орта қалыптастыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде, оның ішінде бейімделген 5 туристік маршрут әзірленді. «Жәрдем» орталығы, Паралимпиадалық жаттығу орталығы және Инклюзивті спорт орталығы сияқты мамандандырылған нысандар жұмыс істеп, кешенді оңалту мен әлеуметтік бейімделуді қамтамасыз етіп отыр», – дейді Ерлан Жүсіпов.
Қалада 15 ұйым арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетеді, оның ішінде 7 мемлекеттік және 8 үкіметтік емес ұйым бар. > Astana news: Жалпы қамту — 7 183 адам. Қызмет сапасын арттыру мақсатында бұл ұйымдарды лицензиялау бойынша кезең-кезеңімен жұмыс жүргізілуде.
Астанада 29 мыңнан астам қандас тұрады, оның ішінде 21 мыңнан астамы Қазақстан Республикасының азаматтығын алған. 2025 жылдың басынан бері негізінен Өзбекстан, Қытай Халық Республикасы және Ресей Федерациясынан келген 1 150 этникалық қазаққа қандас мәртебесі берілді.
Шетелдік жұмыс күшіне квотасы 1 185 бірлікті құрайды, алайда нақты 1 651 рұқсат берілген. Бұл еңбек нарығының қажеттіліктеріне сәйкес және қолданыстағы заңнама аясында жүзеге асырылады.
«2026 жылы басқарма қызметі әлеуметтік қолдау жүйесін одан әрі жетілдіруге және мемлекеттік көмекпен қамтылатын халық санын 200 мыңнан астам адамға дейін ұлғайтуға бағытталады. «Инватакси» қызметін дамытуға, кедергісіз орта қалыптастыруға, сондай-ақ көпбалалы және аз қамтылған отбасыларды қолдауға ерекше назар аударылады.
Жұмыспен қамту саласында 26,5 мың адамды белсенді шаралармен қамту жоспарланған, оның ішінде 17 703 адам тұрақты жұмыс орындарына орналастырылады. Сонымен қатар, 33-тен астам бос жұмыс орындары жәрмеңкесін өткізу және 33 682 жұмыс орнын құру (оның 28 744-і тұрақты) көзделген», – деп спикер сөзін түйіндеді.


