Отыз жылға жырдан тарту
Астанада Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 30 жылдық мерейтойы аясында «Сыр сандық» атты екі томдық өлеңдер жинағы жарық көрді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Жинаққа университеттің профессор-оқытушылары, докторанттары мен білім алушыларының шығармалары енген. Басылымның бір томында «Топжарған» ақындар клубындағы жас ақындардың жауқазын жырлары топтастырылса, екінші томында оқытушылар мен докторанттардың таңдаулы өлеңдері жарияланған.

Университеттің Басқарма төрағасы – ректоры, академик Ерлан Сыдықов атап өткендей, бұл жинақ тек әдеби туынды ғана емес, оқу орнында қалыптасқан шығармашылық мектептің жалғасы әрі жаңа буынның үнін танытатын маңызды еңбек.

Жинаққа енген туындыларда заман тынысы, адам жанының терең иірімдері, Отан, туған жер және махаббат тақырыптары кеңінен көрініс тапқан. Авторлар қатарында қазақ поэзиясында өзіндік қолтаңбасы бар ақындар – Жанат Әскербекқызы, Оңайгүл Тұржан, Серікзат Дүйсенғазы, Дәулеткерей Кәпұлы бар.

Айта кетейік, ақын Серікзат Дүйсенғазы жетекшілік ететін университет қабырғасындағы «Топжарған» ақындар клубы 2005 жылы құрылған. Осы уақыт аралығында 100-ден астам жас ақынның қалыптасуына ықпал еткен әдеби ортаның бүгінде 40-тан астам мүшесі бар.
Қалиакбар Үсемханұлы



