Қоғам

Зейнеткерлер «Таза Қазақстан» экологиялық акциясын қолдады

Елордада «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында зейнеткерлер арасында скандинавиялық серуеннен жарыс ұйымдастырылды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz

Бұл игі бастамаға Сарыарқа ауданының Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы мен Астана қаласы әкімдігінің Спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізу дирекциясы ұйытқы болды.
Шара Орталық саябақта өтті.

Таңғы таза ауада өткен спорттық іс-шараға Сарыарқа ауданынан 60-тан астам егде жастағы тұрғын жиналып, белсенділік танытты. Қатысушылар алдымен бой сергіту жаттығуларын жасап, кейін скандинавиялық серуен бойынша жарысқа кірісті.

Аталған жарыстың басты мақсаты – зейнеткерлер арасында салауатты өмір салтын кеңінен насихаттау, дене белсенділігін арттыру және белсенді ұзақ өмір сүруді қолдау. Шара барысында қатысушылар өздерінің төзімділігі мен ширақтылығын көрсетіп, жарысқа үлкен қызығушылықпен қатысты.

Іс-шара соңында ұйымдастырушылар мен Сарыарқа ауданы бойынша әлеуметтік қызмет көрсету бөлімінің басшысы Кенжеболат Бапишев сөз сөйлеп, қатысушыларды қоршаған ортаны қорғауға шақырды. Сонымен қатар, аға буын өкілдерінің мұндай игі бастамалары жастарға үлгі болатыны атап өтілді.

Жарыс қорытындысы бойынша қатысушыларға Спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізу дирекциясының атынан арнайы медальдар табысталды. Бұл тек спорттық дода ғана емес, сонымен қатар қоғамдағы белсенділік пен бірлікті нығайтатын маңызды шара болды.
Осындай игі бастамалар зейнеткерлердің денсаулығын жақсартумен қатар, олардың қоғам өміріне белсенді араласуына оң ықпал етеді.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button