Мәдениет

Арқалықтың ақ таңы

Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясы сахнасында өткен «Арқалықтың ақ таңы» концерті Торғай топырағының рухани қазынасын жаңғыртқан тағылымды кешке айналды. Бұл концерт тек музыкалық шара ғана емес, ел тарихы мен рухын, өнері мен тағдырын бір арнаға тоғыстырған әсерлі мәдени оқиға болды.

Кеш шымылдығы композитор Ертай Бәкіровтің халық батыры Амангелді Имановқа  арналған «Еркіндік» туындысымен түріліп, көрерменді бірден ерлік пен азаттық рухына жетеледі. Осы сәттен бастап-ақ сахнада тек әуен ғана емес, тұтас бір дәуірдің үні, халықтың жүрек дүрсілі сезілді.

Торғай – қазақ руханиятының алтын бесігі. Қасиетті өңірде Ахмет Байтұрсынұлы ұлттың сөзін түзеп, Міржақып Дулатұлы елдің намысын жыр­лады. Азаттық үшін атқа қонған Амангелді Иманов, Кейкі Көкембайұлы сынды батырлар ерлігі – бүгінгі ұрпаққа мәңгілік өнеге. Концерт барысында осы тұлғалардың рухы өнер тілімен қайта жаңғырып, көрермен жүрегіне жол тартты.

Кештің өзегіне айналған «Арқалықтың ақ таңы» әні – Мұхтар Шаханов пен Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылық үндестігінің шоқтығы биік туындысы. Бұл ән арқылы туған жерге деген сағыныш, ұлттық болмысқа деген іңкәрлік айрықша сезілді. Көрермен қауым жақында ғана өмірден өткен Мұхтар Шахановты бір минут үнсіздікпен еске алып, оның рухына тағзым етті.

Сахна төрінде симфония оркестрі (көркемдік жетекшісі – Қазақстанның халық әртісі Абзал Мұхитдинов) мен «Қорқыт» этноансамблінің үйлесімі ұлттық музыка мен классикалық бағыттың тамаша синтезін көрсетті. ҚР мәдениет қайраткері Шолпан Қорғанбектің шығармалары, сондай-ақ дәстүрлі күйлер мен заманауи туындылар кеш мазмұнын байыта түсті. Әсіресе «Кейкі батыр», «Көк түріктер», «Сұлтан Байбарыс», «Аманат» секілді шығармалар арқылы тарихтың терең қатпарлары көркем бейнеленді. Тілептің күйі «Бақсы», ақын Құтжан Қанжығалиннің «Аққайың», Төлен Әбдіктің күйі «Төрт түтін», Қайыржан Мақановтың күйі «Сағыныш», Айтбай Мұздахановтың «Амангелді дүбірі» күйлері орындалып, ел рухын асқақтатты.

Концерт барысында Торғай өңірінен шыққан өнер иелерінің мол мұрасы кеңінен насихатталды. Ән мен күй, жыр мен толғау арқылы туған жерге деген сүйіспеншілік, елдік рух, ұлттық сана айқын көрініс тапты. Хор және эстрада блоктары кештің көркемдік аясын кеңейтіп, көрерменге ерекше әсер сыйлады.

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «Аққұм» әнінің орындалуы, Қазақстанда көп дауысты хор музыкасы жанрын қалыптастыруда ерекше еңбек еткен, «Почташы», «Су тасушы қыз», «Домбыра», «Алма ағаштар жайнайды», «Айгөлек», тағы да басқа танымал әндердің авторы, композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Бақытжан Байқадамовтың әндері шырқалды. Қазақтың ұлтжанды перзенттерінің бірі, Ахмет Жұбановтай классиктердің өмір мектебінен өткен композитор, домбырашы, дирижер, актер Болат Хамзиннің «Торғай қызы» әнін Айзат Хамзина және «Балауса» балалар хоры (көркемдік жетекшісі – Ләззат Хамзина) орындады.

Қазақ әдебиетінің өркендеуіне зор үлес қосқан журналист-жазушы, аудармашы, энциклопедияшы-ғалым, ҚР Баспасөз және полиграфия ісінің еңбек сіңірген қайраткері, телегей теңіз еңбегі бола тұра, тасада қалуды жөн көрген марқұм Танатқан Рсаевтың сөзіне жазылған, композитор, Торғай өңірінің тумасы Салтанат Сұлтанованың «Байтақ далам» әнін «Айналайын» балалар хоры орындап (көркемдік жетекшісі – Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгі иегері, ҚР мәдениет саласының үздігі Гүлмира Жангелдіқызы), елдің ықыласына бөленді.

Қалибек Деріпсалдин, Алтай Сейтқасымов, Бақытжан Сәуе­кенов, Жұмағали Өмірбеков, т. б. танымал ақын-композиторлардың шығармалары орын­­далып, үлкен буын көрер­мендерді жастық шақтарымен қауыштырды. Осы аталған үл­кен композиторлардың ізбасарлары, жас буын ақын-композиторлардың да шығармалары кештің ажарын ашты.

Кештің шарықтау шегі – «Арқалықтың ақ таңы» әнінің орындалуы. Бұл сәтте сахна мен көрермен арасындағы байланыс ерекше тереңдікке жетіп, әр жүректе туған жерге деген сағыныш пен мақтаныш сезімі оянды. «Арқалықтың ақ таңы» әнін Жұбаныш Жексенұлы таныстырса, бұл кеште халықаралық дәрежедегі әнші, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Сүндет Байғожин орындады.

Толқын СҰЛТАН

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button