Басты ақпаратМәдениет

Ұлттық бірегейлікке үндейтін кітап 

Ұлттық академиялық кітапханада белгілі жазушы-этнограф, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Төрехан Майбастың «Қазақ халқының көмескіленген этнографиясы» кітабының таныстырылымы өтті. Бұл еңбек Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Мәдени мұраны сақтау, зерделеу мен насихаттау» бағдарламасы бойынша жарық көрді. 

Ұлттық кітап күні аясында ұйымдастырылған іс-шараға Парламент депутаттары, ғалымдар мен қаламгерлер, зиялы қауым өкілдері жиналып, аталмыш еңбек туралы салиқалы ой өрбітті. Алғашқы болып сөз сөйлеген Президент кеңесшісі, академик Бауыржан Омаров этнографиялық еңбекті жазудың талаптарына тоқталып, «Қазақ халқының көмескіленген этнографиясы» кітабы сол талаптардың барлығына жауап беріп, оқырмандардың олжасына айналатынын айтты.

Көрнекті ақын, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Серік Ақсұңқарұлы Мемлекет басшысының «кітап оқитын ұлтқа айналайық» деген бастамасын қолдауға шақырып, Сейіт Кенжеахмет пен Ақселеу Сейдімбектен кейін үшінші этнограф-жазушы ретінде Төрехан Майбас деп есептейтінін, ол осы салада жетістіктерге жеткенін айта келе, осы этнографиялық еңбекті Мемлекеттік сыйлыққа ұсыну керектігін жеткізді, өзінің «Қош, кітаптың ғасыры» өлеңін оқып берді.

Парламент Мәжілісінің депутаты Асхат Аймағамбетов Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановтың авторға сәлемін жеткізе келе, жаңа Конституцияда мәдениет мәселесі, жалпы ұлттық мәдениет пен ұлттық бірегейлікті сақтау мәселелері ерекше көрсетілгенін, осы талап пен бұл кітап арасында айрықша үндестік барын атап өтті. Этнографтардың осы мәселелерге қосар үлесі өте зор болатынын, Төрехан Әкімжанұлы оған өмірін арнап келе жатқанын, бір өзі тұтас ғылыми институттың міндетін атқарып шыққанын айтты.

Тарих ғылымдарының докторы, профессор Тілеген Садықов ғылыми тұрғыдан кітаптың құндылығы туралы баяндама жасады. «Қазақ газеттері» серіктестігінің бас директоры, академик Дихан Қамзабекұлы автор қазіргі заманда ұлтымызға рухани құндылықтар аса қажет екенін жақсы түсінгендіктен, осы еңбегін еліміздің рухани беріктігі үшін жазғанын айтып өтті. Төрехан Майбас кітабында біз қазір теріс ұғып жүрген кейбір мақал-мәтелдерді, тұрақты тіркестерді қалпына келтіргенін, бөрітон, құртқа, бопай, тоқай, т.б., жалпы жүздеген сөзге түсінік бергенін айта кетті.

Парламент Мәжілісінің депутаттары Құдайберген Бексұлтанов, Нұрлан Әуесбаев, Аманжол Әлтай, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің өкілдері, соның ішінде ақын, ғалым, филология ғылымдарының докторы Қойлыбай Асанов, «Saryarqa aqparat» медиахолдингінің директоры Қайрат Әбілда сөз сөйледі. Ардагер журналист Нұрхан Хамзеұлы «Қазақ халқының көмескіленген этнографиясы» кітабын ағылшын және орыс тілдеріне аудару керектігін айтты. Таныстырылымды түйіндеген Төрехан Майбас жиналғандарға алғыс айта келе, этнографиямен 11 жасынан айналыса бастағанын, оған ұста нағашы атасының ашаға деген сөзі түрткі болғанын, содан бері 60 жылдан астам уақыт өткенін жеткізді.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button