«Заң мен тәртіп»: балалардың құқығын қорғау мәселесі талқыланды

Елордадағы Әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайында «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру аясында Алматы ауданы прокуратурасының ұйымдастыруымен дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Кездесуде кәмелетке толмағандардың құқығын қорғау саласындағы заңдылықтың жай-күйі қаралып, құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселелері талқыланды.
Алматы ауданының прокуроры Нұрлан Тойшыбеков қазіргі қоғамда заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету мемлекеттің тұрақты дамуының негізі екенін атап өтті.
Іс-шараға Астана қаласы Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев, Алматы ауданы әкімінің орынбасары Арайлым Елімсарина, аудандық Полиция басқармасының бастығы Әлібек Қожахметов, сондай-ақ басқа да құқық қорғау органдарының өкілдері мен аудан мектептерінің директорлары қатысты.
Қоғамдық мүдделерді қорғау бөлімінің басшысы Ақылбек Қуат мектептердегі балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жүргізілген талдау нәтижелері туралы баяндады.
Ол білім беру ұйымдарындағы күзет қызметін жетілдіру және Солтүстік Қазақстан облысында жүзеге асырылып жатқан «Цифрлық қорғаушы» жобасын енгізу бойынша ұсыныстарын айтты.
Сондай-ақ ол аудан мектептерінің басшыларына прокуратура органдарымен өзара іс-қимылды күшейтіп, оқушылар тарапынан құқық бұзушылықтарды ерте анықтау жұмыстарын жандандыруды ұсынды.
#законипорядок #заңментәртіп



