Балалардың жол-көлік оқиғаларына ұшырауының алдын алу шаралары күшейтілді
Спикердің айтуынша, балалар арасындағы велосипедтен болатын жарақаттану жағдайлары ерекше алаңдаушылық туғызып отыр.
Астанада кәмелетке толмаған велосипедшілердің жол-көлік оқиғаларына жиі ұшырауы аталған мәселенің өзектілігін көрсетіп отыр. Бұл жағдайлар балалар арасында жол қозғалысы ережелерін білу деңгейін арттыру, жолдың жүру бөлігін қауіпсіз кесіп өту дағдыларын қалыптастыру және жол қозғалысының басқа қатысушыларымен өзара іс-қимыл мәдениетін дамыту қажеттігін айғақтайды.
Жүргізілген талдау кәмелетке толмағандардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларына көбіне жолды рұқсат етілмеген жерден кесіп өту, балалардың ересектердің қарауынсыз жүруі және велосипедшілердің жаяу жүргіншілер өткелінен велосипедтен түспей өтуі себеп болатынын көрсетті. Бұған қоса, жол қозғалысы ережелерін сақтамау балалар мен ересектер үшін қауіп-қатерді күшейтіп отыр.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 28-бабына сәйкес, 16 жасқа толған адамдар әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Егер құқық бұзушылықты 16 жасқа толмаған кәмелетке толмаған бала жасаса, онда ҚР ӘҚБтК-нің 127-бабына («Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу, оған білім беру, оның құқықтары мен мүдделерін қорғау, оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді орындамау») сәйкес жауапкершілік заңды өкілдеріне жүктеледі.
Осылайша, заңнама құқық бұзушының жасына және заңды өкілдердің рөліне қарай жауапкершілікті нақты айқындайды.
2026 жылдың басынан бері Полиция департаменті балалар жарақатының алдын алу мақсатында мектептер маңындағы көше-жол желілеріне 213 тексеру жүргізді. Нәтижесінде бағдаршам орнату, жаяу жүргіншілер өткелдерін жабдықтау, жасанды жол кедергілерін орнату, жол белгілерін ауыстыру және жол таңбаларын жаңарту бойынша 159 нұсқама берілді.
«Үй – мектеп – үй» жобасы аясында жаңа бағдаршамдар орнатылып, жасанды жол кедергілері қалпына келтірілді және жаңадан орнатылды (160+55 м), жол белгілері ауыстырылып, жаңалары қойылды, сондай-ақ жол таңбалары жаңартылды.
Мектеп автобустарының техникалық жағдайы мен олардың желіге шығарылу талаптарының сақталуы тұрақты түрде тексеріледі. Жүргізушілерге жол-көлік оқиғаларының алдын алу бойынша сабақтар өткізіледі.
Сонымен қатар күн сайын аулаларда патрульдеу жүргізіліп, дауыс зорайтқыштар арқылы қауіпсіздік шаралары еске салынады. Ата-аналарға балаларды аулада және жол бойында бақылауда ұстау мәселелері бойынша түсіндіру жүргізіліп жатыр.
Полиция департаменті кәмелетке толмағандардың жол-көлік оқиғаларына ұшырауының алдын алу мақсатында ақпараттық және профилактикалық шаралар өткізіп жатыр.
Полиция ата-аналарды балаларға жол қозғалысы ережелерін үйретуге, ал жүргізушілерді мектептер, аулалар мен жаяу жүргіншілер өткелдері маңында барынша мұқият болуға шақырады.



