Заңсыз қоқыс орындарын анықтау бойынша рейдтер күшейтілді
Астанада экологиялық ахуалды жақсарту және санитарлық тазалықты қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар қарқын алып келеді. Осы мақсатта бүгін Нұра ауданы әкімдігімен бірлесе отырып, Экология департаменті кезекті рейдтік іс-шараларын өткізді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Жалпы, 8-22 сәуір аралығында Астана қаласының алты ауданын қамтитын ауқымды рейд ұйымдастырылған. Іс-шараға экология департаменті, қоршаған ортаны қорғау басқармасы, полиция департаменті және аудан әкімдіктері жұмылдырылып, қала аумағындағы рұқсат етілмеген қоқыс орындарын анықтау және жою жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп жатыр.
Рейд барысында анықталған заңсыз қоқыс орындары бойынша нақты шаралар қабылданды.
Астана қаласы бойынша Мемлекеттік экологиялық инспекторы Шолпанай Тұрсынқұлдың айтуынша, бұл бағыттағы жұмыстар нәтижесін беруде.
«Астана қаласы Экология департаменті 8-20 сәуір аралығында аудан әкімдіктерімен бірлесіп рейдтік жұмыстар жүргізді. Рейд барысында қала аумағында 54 заңсыз қоқыс орны анықталды. Аталған деректер бойынша аудан әкімдіктеріне ресми хаттар жолданды. Қазіргі таңда барлық аудандық әкімдік санитарлық тазалық жұмыстарын жүргізуде. Сонымен қатар, атқарылып жатқан жұмыстарды бақылау мақсатында Экология департаменті қосымша рейдтер ұйымдастырды. Бүгінде анықталған қоқыс орындарының 70 пайызында тазалық жұмыстары толық аяқталды», – деді Шолпанай Тұрсынқұл.
Мамандардың айтуынша, мұндай рейдтер тек тазалық жұмыстарымен шектелмейді. Олар тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттыруға, қоршаған ортаға деген жауапкершілігін күшейтуге бағытталған.



