Теміржолшылар белсенділік танытты

«Нұрлы жол» вокзалы мен Астана қаласы Сарайшық аудандық полиция басқармасының қызметкерлері ауқымды тазалық жұмысына белсенді қатысты.
Акция барысында ҚТЖ мен полицияның 150-ден астам қызметкері вокзал аумағын тазалап, абаттандыру және көгалдандыру жұмысын жүргізді.
– Вокзал – жолаушыларға қызмет көрсететін нысан ғана емес, сонымен қатар қала экологиясына әсер ететін маңызды орта. «Қазақстан темір жолы» ұжымы «Таза Қазақстан» бастамасын толық қолдайды. Қызметкерлеріміз теміржол аумағын күтіп ұстауға, көгалдандыру жұмысына және қоршаған ортаны қорғауға белсенді қатысуда. Біз әрбір азаматты табиғатты аялауға, тазалықты сақтауға шақырамыз. Өйткені таза орта – баршамыздың ортақ жауапкершілігіміз, – деді «Нұрлы жол» вокзалының бас инженері Ермахан Байдәулетов.
Сонымен қатар ҚТЖ қызметкері Анар Мұхамәдиқызы акцияның тәрбиелік мәніне тоқталды.
– Осы бір бастамаға қатысуды үлкен жауапкершілік деп санаймын. Бұл акция бізге тек айналаны тазалау ғана емес, табиғатқа деген көзқарасымызды өзгертуге мүмкіндік береді. Әрбір тазаланған аумақ пен отырғызылған ағаш – болашақ ұрпаққа жасалған қамқорлық. Күнделікті жұмысымызда да тазалық пен тәртіпті сақтауға мән береміз, – деді ол.



