Есірткі граффитилері боялды
«Заң мен тәртіп» қағидаты аясында елордада есірткімен күрес жұмыстары бойынша есірткі сайттары мен телеграмм арналарының сілтемесі жазылған граффитилерді бояу арқылы, оны жою жұмысы жалғасуда. Астана қалалық полиция департаменті Есірткіге қарсы іс-қимыл жөніндегі басқармасы, Есіл ауданы әкімдігі өкілдері және «Астана жастары» жастар ресурстық орталығы еріктілерінің қатысуымен сондай жұмыс аудандағы Әл-Фараби көшесі 30/4 мекенжайында жүргізілді.

Іс-шара «Астана – есірткісіз қала» жалпықалалық акциясы шеңберінде өткізілді. Акция мақсаты – есірткіге қатысты құқықбұзушылықтың алдын алу, есірткі заттарының таралуына қатысты теріс көзқарасты қалыптастыру, сонымен қатар қоғамдық қауіпсіздік деңгейін арттыру. Астана қалалық полиция департаменті Есірткіге қарсы іс-қимыл жөніндегі басқармасының жедел уәкілі Жандос Сейтеновтің айтуынша, мұндай рейдтер аптасына бір рет жүргізіліп тұрады.

-Астана қаласы – өте үлкен, бәрін қамту үшін рейдтер көп жүргізілуі керек. Мұндай граффитилерді көбіне адам көп шоғырланатын жерлерге жазып кетеді. Атап айтқанда, саябақтарда, қаланың сыртында, үй, ғимараттар қабырғаларына, әсіресе камера қойылмаған жерге жазады. Мұндай рейдтерден бөлек әрбір аудандағы учаскелік инспекторлар көріп қалса немесе тұрғындар айтқан бойда өздері бояп кетіреді, себебі есірткі граффитилері нашақорлықпен айналысатындар үшін есірткіге қол жеткізуде ақпараттар береді. Биыл қала бойынша 100 граффити боялса, былтыр 2 мыңнан астам граффитиді бояп, есірткі туралы берілетін ақпараттарды жойдық. Бір айта кетерлігі, осындай қарқынды жұмыстардың арқасында граффитилер азайып келеді, — дейді полиция өкілі.

Есіл ауданы әлеуметтік сала бөлімінің бас маманы Әлнияз Тұрсынбайұлының айтуынша, жыл басынан бері аталған ауданда осындай 7 рейд жүргізілген.

-Ал былтыр 15 рейдтік іс-шара ұйымдастырылып, соның барысында анықталған 20 нысанда 42 граффитиді боядық. Бүгін 9 граффити боялды. Бұл бірлескен жұмыстар одан әрі жалғасын таба береді, — дейді ол.

Райхан Рахметова



