Әлеумет

«Жаңа Салық кодексіне сәйкес салықтық әкімшілендіру» конференциясы өтті

Астанада «Жаңа Қазақстан» салық төлеушілер қауымдастығы, ҚР Қаржы министрлігі және Мемлекеттік кірістер комитеті бірлесіп, «Жаңа Салық кодексіне сәйкес салықтық әкімшілендіру» атты конференция ұйымдастырды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Жиында жаңа Салық кодексінің ережелері, салықтық әкімшілендіруді жетілдіру жолдары, сондай-ақ бизнес пен мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимылды арттыру мәселелері талқыланды.

Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Жандос Дүйсембиев салықтық әкімшілендіру аясында азаматтардан түскен өтініштер үнемі бақылауда екенін атап өтті.

«Бізде колл-орталықтар, қолдау қызметтері және т.б. бар. Қойылатын негізгі сұрақтар жергілікті салықтарға қатысты. Атап айтқанда, олар – жергілікті салықтар, берешек, шоттарды бұғаттау және ақпараттық жүйелерге қатысты сұрақтар. Біз ол бойынша да жұмыс жүргіземіз. Мемлекеттік кірістер комитеті былтырдан бастап ақпараттық жүйені толық жаңартып, жаңа жүйелерді енгізуде. Осыған байланысты техникалық қиындықтар туындап жатыр, сондай-ақ бизнес өкілдері де жаңа жүйеге үйрену кезеңінен өтуде, сондықтан сұрақтар мен өтініштер саны көп. Қазір өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін салық алынып тасталды. Статистикаға қарасақ, 300 мыңнан астам жеке тұлға өзін-өзі жұмыспен қамтыған ретінде тіркеліп, өз бизнесін заңдастырды. Салық мөлшерлемесі – 0%, тек 4% әлеуметтік төлемдер бар, олар денсаулық, зейнетақы жинақтары және т.б. үшін төленеді», – деді Жандос Дүйсембиев.

Биылдан бастап жаңа Салық кодексі күшіне енді. Онда негізінен микро және шағын бизнеске, сондай-ақ орта және ірі бизнеске қатысты мәселелер қарастырылған. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитетінің Қашықтан мониторингтеу басқармасының басшысы Бектас Әділғалиев айтты.

«Ерекше назар сервистік модельге аударылады. Бұл дегеніміз – салық төлеушілерге қатысты қандай да бір шара қолданбас бұрын, міндетті түрде түсіндіру жұмысын жүргізуіміз қажет. 2025 жылы болған түрлі түсінбеушіліктер жаңа кодексте ескерілді.
Салықтық әкімшілендірудің барлық түрі жеке-жеке бөлімдерге бөлінді. Соның нәтижесінде биылдан бастап салық даулары азаяды деп күтіліп отыр. Сонымен қатар жаңа кодекс әкімшілендіру саласындағы барлық әрекетті барынша цифрландыруды міндеттейді. Бұл өз кезегінде адами факторды барынша азайтуға мүмкіндік береді», – деді ол.

Айта кетейік, конференцияға салық төлеушілер мен кәсіпкерлер қатысып, олармен ашық форматта сұрақ-жауап сессиясы ұйымдастырылды

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button