Елорда тынысы

Зейнеткерлер мен оқушылар бірлескен цигун жаттығуларын өткізді

Елордадағы Есіл ауданына қарасты Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының зейнеткерлері ұрпақтар сабақтастығын нығайту мақсатында тағылымды шара ұйымдастырды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz

Олар «Тыныс пен энергия үйлесімі» тақырыбында Д. Қонаев атындағы №66 мектепте болып, оқушылармен бірге цигун жаттығуларын өткізді.

Іс-шара барысында орталықтың белсенді ата-әжелері 6–7 сынып оқушыларымен бірге дене шынықтыру сабағына қатысып, цигун жаттығуларының қыр-сырын үйретті. Бұл жаттығулар тыныс алу жүйесін жақсартуға, дене үйлесімділігін сақтауға және ішкі энергияны реттеуге бағытталған.

Екі буын өкілдерінің бірлескен әрекеті ерекше әсер қалдырды. Оқушылар егде жастағы жандардың белсенділігіне тәнті болып, жаттығуларға үлкен қызығушылықпен қатысты. Ал зейнеткерлер өз тәжірибелерімен бөлісіп, салауатты өмір салтының маңызын көрсетті.

Шара соңында қатысушылар көтеріңкі көңіл-күймен музыкалық флешмоб ұйымдастырды. Оқушылар мен ұстаздар зейнеткерлерге алғыс айтып, ақ тілектерін білдірді. Балалар «Жүз жасқа жетіңіздер!» деген ізгі ниеттерін жеткізсе, қариялар өз баталарын берді.

– «Бүгінгі кездесу өте тағылымды өтті. Аға буын өкілдері өз үлгілері арқылы оқушыларға салауатты өмір салтын ұстанудың маңызын көрсетті. Мұндай шеберлік сабақтары алдағы уақытта да жалғасын табады», – деді орталықтың мәдени ұйымдастырушысы Гүлшат Әлекешқызы.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай игі бастамалар ұрпақтар арасындағы байланысты нығайтып қана қоймай, қоғамда мейірімділік пен қайырымдылық құндылықтарын дәріптеуге үлкен үлес қосады.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button