
Бала кезінен-ақ тәртіпке, жауапкершілікке және ішкі жинақылыққа бейім болған Айжан Рамазанова бүгінде құқық қорғау саласында 20 жылдан астам еңбек өтілі бар маманға айналды. Қазіргі таңда ол Көші-қон қызметінің аға инспекторы полиция подполковнигі болып еңбек етеді. Оның адал еңбегі мен кәсібилігі ондаған адамның тағдырын өзгертіп, жаңа өмір бастауына себеп болды.
Тәртіп сақшысының өмір жолын таңдауда әкесінің орны ерекше. Әкесі ішкі істер органдарында 1987 жылдан 2007 жылға дейін табанды қызмет атқарып, майор шенінде зейнетке шыққан. 2005 жылы ол ішкі істер органдарына қызметке қабылданып, сол кезден бері ел игілігі жолында аянбай еңбек етіп келеді. Бүгінде бұл мамандық тек оның таңдауы ғана емес, тұтас отбасының өмірлік бағытына айналған. Айжанның інісі де құқық қорғау саласында қызмет етеді. Бұл олардың отбасында тәртіп пен жауапкершілік құндылықтарының берік қалыптасқанын көрсетеді.
Көпшілік үшін құжатпен жұмыс бірсарынды көрінуі мүмкін. Алайда ол үшін әрбір өтініш – жеке тағдыр, әрбір құжат – адам өмірінің бір бөлшегі.
– Қызмет барысында түрлі жағдай кездеседі. Соның ішінде ең есте қалғаны – азаматтықты анықтау мәселелері. Осындай күрделі істер үлкен жауапкершілік пен табандылықты талап етеді. Құжаттарды жинау, архивтермен жұмыс істеу, тұлғаны растау – бәрі уақыт пен шыдамдылықты қажет етеді. Бірақ ең маңыздысы – адам мен қызметкер арасындағы сенім. Барлық жұмыс аяқталып, адам алғаш рет жеке куәлігін қолына алған сәт ерекше әсерлі. Кейде адамдар қуаныштан көз жасына ерік береді. Себебі бұл – олардың жаңа өмірге қадам басуы, қоғамға қайта қосылуы. Осындай сәттерде өз мамандығымды дұрыс таңдағанымды анық сезінемін, – дейді полиция подполковнигі.
Қызметтен бөлек, тәртіп сақшысы белсенді өмір салтын ұстанады. Бос уақытында спортпен айналысып, жүзуді жақсы көреді. Сонымен қатар ән айту – оның жанына жақын хобби. Бұл оның жан-жақты, рухани бай тұлға екенін айқын көрсетеді. Айжан Рамазанова үшін қызмет жай ғана жұмыс емес. Бұл – адамдарға көмектесу, олардың тағдырына оң өзгеріс енгізу, қоғамға пайда келтіру. Оның өмірлік ұстанымы қарапайым: әрбір адамға жылы қарап, шынайы көмек көрсету. Осындай жандардың арқасында қоғамда сенім мен әділдік нығая түсуде.



