Менің ішімде кім отыр?

Сіз кімнен, неден қорқасыз? Әлде… Менің кейде өз-өзіме таңырқап қарайтын кезім болады. Астана көшесінде алшаң басып келе жатқанымда осы арада бұрын болғандай, осы жерде тұрғандай сезінемін. Бірақ мүлде болмағанмын. Бойымды үрей билейді.
Үрей – адам психикасының табиғи қорғаныс механизмі. Ол бізді қауіптен сақтап, тірі қалуға көмектеседі. Бірақ кейде үрей шынайы қауіп жоқ жерде де пайда болады. Сонда мынадай сұрақ туады: менің ішімде сөйлеп тұрған кім, болмаса менің ішімде кім отыр?
Сіз мені қорқақ екен демеңіз. Ол қорқақтық емес. Ол – басқа дүние. Психологияда үрей көбіне адамның өткен тәжірибесінен туындайды. Бала кезіндегі сын, үлкендерге айтқаныңның қабылданбауы, ұят сезімі, қорқыныш – бәрі санадан тыс деңгейде сақталады. Кейін сол естеліктер ішкі дауысқа айналады. Бұл дауысты кейде «ішкі сыншы» деп атайды. Ол адамды сақтандырғысы келеді, бірақ шектен тыс белсенді болса, керісінше, дамуға кедергі жасайды.
Ойлы оқырман жақсы білуге тиісті орыс ақыны Сергей Есениннің
«Чёрный человек,
Чёрный, чёрный,
Чёрный человек.
На кровать ко мне садится,
Чёрный человек
Спать не даёт мне всю ночь…
Он читает мне жизнь» дейтіні бар. Шығармада лирикалық кейіпкерге түн ішінде «қара кісі» келіп, оның өмірін, қателіктерін, күнәларын бетіне басады. Міне, менде де сондай бір түсініксіз сәттер болады. Өзіңмен-өзің жынды адамдай тілдесесің, жоспар құрасың. Оны ұнатпаған соң талқандайсың. Қиялың қанат қағады, армандарыңның барлығы қолжетімді жерде тұрғандай сезіледі. Бірақ ештеңе де жоқ.
Осындай сәт әйгілі швейцариялық психолог, психиатр және «аналитикалық психология» бағытының негізін қалаушы Карл Юнгтің басынан да өткен сияқты. Себебі үрейді адамның «көлеңкесімен» байланыстырады. Ол: «Көлеңке – біз қабылдамайтын, жасыратын қасиеттеріміз. Егер адам өз әлсіздігін мойындамаса, ол үрей түрінде көрінуі мүмкін. Демек, «ішімде отырған» – бөтен біреу емес, менің қабылданбаған бөлігім» дейді.
Ал әлгі Карл Юнгтің ұстазы, атақты психолог Зигмунд Фрейдтің теориясында адамның психикасы үш бөліктен тұрады: ид (түпсана), эго (ішкі мен) және суперэго (жоғарғы мен). Суперэго – талап қоятын, бақылаушы, бағалаушы бөлік. Кей жағдайда үрей осы қатаң ішкі бақылаушының әсерінен күшейеді. Адам өзіне тым қатал болып, үнемі қателесуден қорқады. Қазіргі психологияда үрейді көбіне когнитивті бұрмаланулармен байланыстырады: Адам шынайы фактіге емес, өз ойына сенеді. Сол ой уақыт өте келе шындық сияқты қабылданады. Сондықтан «ішімде кім отыр?» деген сұрақтың жауабы – бұл менің өткен тәжірибем, қорғаныс механизмім, ішкі сыншым. Үрей жау емес, ол белгі болуы мүмкін. Оны басқару керек, әйтпесе адамды басқара бастайды.
Психология тұрғысынан алғанда, үреймен күресудің жолы – оны жоққа шығару емес, түсіну. Оның қайдан шыққанын тану, оны қабылдау үшін мүмкін білікті маманның көмегіне жүгіну керек шығар, кім білсін?
Сіз бірақ абдырап қалмаңыз, салмақты ойды сарапқа салыңыз, сол арқылы өзіңізді таныңыз.
Асантемір ҚАРШЫҒАҰЛЫ



