«Құстар – біздің досымыз» акциясы өтуде

Бүгін елорданың білім беру ұйымдарында «Құстар – біздің досымыз» атты қалалық экологиялық акция аясында «Шахмат» саябағында құстарды қорғауға және оларды күтіп-баптауға бағытталған арнайы шара өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Іс-шара жауапкершілікті қалыптастыруға, азаматтық белсенділікті арттыруға және қауіпсіз орта құруға бағытталған «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы мен республикалық «Таза Қазақстан» бастамасы аясында өткізілді. Акцияның мақсаты – қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыру, балалардың табиғатқа деген сүйіспеншілігін арттыру және табиғатты қорғауға нақты іс арқылы үлес қосу.
Іс-шара барысында №5 «Ақбота» балабақшасының тәрбиеленушілері өз әкелерімен бірге саябақ ағаштарына қолдан жасалған құс ұялары мен жемсауыттар орнатты. Әкелер саябақты қоқыстан тазартып, ұяларды биік әрі қауіпсіз жерлерге бекітуге көмектесті. Осы арқылы балаларға құстардың тіршілік ортасын қорғаудың маңызы түсіндірілді.
Балаларға қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының әдіскері Айнұр Амангелдіқызы акцияның тәрбиелік маңызына тоқталды:
«Бүгінгі акциямыздың басты символы – құс ұясы. Біз тек ағашқа ұя іліп қана қоймай, баланың жүрегіне мейірімділік ұялатып жатырмыз. Әкелердің қолдауымен жасалған әрбір ұя – табиғатқа деген жанашырлықтың белгісі. “Адал азамат” және “Таза Қазақстан” бастамаларының мәні де – қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауды іс жүзінде көрсету. Құстар біздің досымыз, ал достарға әрқашан қамқорлық қажет».
Акция барысында балалар құстардың түрлері мен оларды дұрыс тамақтандыру туралы пайдалы мәліметтер алды. Саябаққа орнатылған жаңа ұялар құстардың ұя салуына қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Жалпы акция аясында:
• құстарға арналған ұялар мен жемсауыттар жасау;
• экологиялық сабақтар мен шеберлік сағаттарын өткізу;
• сурет және шығармашылық байқаулар ұйымдастыру;
• танымдық экскурсиялар мен табиғатты бақылау іс-шараларын өткізу жоспарланған.
#Құстарбіздіңдосымыз #ТазаҚазақстанАстана2026





